Шымкентте жаңа балабақша ашылды

Теріскей мөлтекауданында "Жас-ұлан" балабақшасы ашылды

«Теріскей» шағынауданында «Жас Ұлан»  бөбекжайы ашылды. Соңғы талаптарға сай тұрғызылған балабақша бір мезгілде 300 бүлдіршінді қабылдай алады. Жекеменшік мекемеде балалардың жан-жақты жетілуіне барынша жағдай жасалынған.

Теріскей мөлтекауданында "Жас-ұлан" балабақшасы ашылды
«Жас ұлан» балабақшасы

Екі қабатты «Жас ұлан» балабақшасының бірінші қабатында асхана, қойма, кір жуатын бөлмелер бар. Ал екінші қабатындағы барлық бөлмелер бүлдіршіндерге арналған. Бір жастан бастап 7 жасқа дейінгі балаларға тәрбие беретін балабақшада үш тілде білім беріліп, сәбилер 5 мезгіл тамақтанады.

 Раиса Ақметова, ата-ана: «Балабақшаның көбейгені жақсы. Әсіресе, жұмыс істейтін ата-аналар үшін тиімді. Себебі, бір жастан кейін балаларын балабақшаға тастап, жұмыс істей беруіне мүмкіндік бар.»

Балабақшада 16 топ бар. Мұнда бүлдіршіннің ой-өрісін дамытуға арналған түрлі кітапшалар алынып, ойын бұрыштары жасақталған. Білім бөлімінің басшысының айтуынша, бүгінде жекеменшік балалақшаға баратын балалардың саны 5000-ды құрап отыр. Сондай-ақ, 2 жастан 6 жасқа дейінгі 17 мың бүлдіршін кезек күтуде.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=pWGY3VKEc-g[/youtube]

 Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің басшысы: «Осындай кәсіпкерлердің көмегімен балабақшалар ашылатын болса, тағы да 4000 мыңдай баланы қамтуға мүмкіндік туар еді. Соңғы уақытта өңірімізде бала туу көрсеткіші де жоғарылаған.»

Жалпы, қазіргі таңда Шымкентте 196 мемлекеттік және жекеменшік балабақша бар. Онда тәрбиеленетін бүлдіршіндер саны 36500-ге жуық. Енді жыл соңына дейін қаладағы бүлдіршіндердің 70 пайызы мектепке дейінгі мекемеге барады деген жоспар бар.