Шымкенттіктер тілдер мерекесінде этномұражайға саяхат жасады

310
Тіл үйренушілер қазақтың төл еңбектерін тамашалауда

 Шымкентте Қазақстан халқының тілдері мерекесін өзіндік ерекшелікпен атап өтілді. Айтулы мейрам аясында қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығында білімін жетілдіріп жүргендер этномұражайға саяхатқа шықты.

Тіл үйренушілер қазақтың төл еңбектерін тамашалауда
Тіл үйренушілер қазақтың төл еңбектерін тамашалауда

 Этнодизайнер Кендебай Қарабдалов халқымыздың төл өнерін дәріптеу үшін әрбір аспаптың сырын кеңінен таныстыруды ұмытқан жоқ. Өнер иесінің айтуынша, еліміздің ертеңгі шежіресі үшін 9 жыл бұрын осы мұражайдың іргесін қалаған. Мұндағы әрбір экспонаттың авторы да — өзі.

 Кендебай Қарабдалов, этнодизайнер: «Мұнда Қазақ халқының мәдениетін, сәулет өнерін, Яссауидің тәрбиесін, Әл Фарабидің өнегесін уақытта көрсетіп жатырмыз. Мұның барлығы есте қалатын нәрсе. Бұл біздің мемлекеттің мәдени мұра бағдарламасы бойынша іске асырып жатқан жұмысымыз».

Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту орталығында сауатын ашып жүргендер мерекеден мұндай тарту күтпесе керек. Сазды аспаптардың сырына қанығып, мұражайдың жәдігерлеріне тәнті болып болып жүр.

 Наталья Башлыкова, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының жетекші маманы: «Алған әсерім өте керемет. Қазақ халқының мәдениетіне, тіліне деген құрметім, қызығушылығым одан сайын арта түсті. Қазақ тілін үйреніп жүргеніме биыл 2-жыл. Сондықтан жақын арада осы тілде еркін сөйлейтін боламын. Қазірдің өзінде жұмыста хаттама, құжаттарды қазақша толтырып жүрмін».

Мерекелік шара қонақтардың этномұражайдағы жер асты қылуетін аралауына ұласты. Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту орталығында тіл үйренушілердің саны 891 болған. Қазір мемлекеттік тілге қызығушылар саны 989-ға жетіпті. Оның 272-сі — мемлекеттік қызметкер.