Төлеби ауданында үш бірдей балабақша ашылды. Қазақстан ауылындағы Гүлдер мен Тәй-тәй балабақшасы 75 бүлдіршінді қабылдауға дайын. Ал Береке мектепке дейінгі мекемесі бір мезетте 50 сәбиді қабылдай алады. Балабақшаның екеуінің салынуына мемлекет қаражат бөлсе, біреуінің ашылуына жеке кәсіпкер демеушілік еткен. Бұған алдымен ауыл тұрғындары қуануда.
Жұмагүл Жақыпбекова, ауыл тұрғыны: «Ауылымызда осындай керемет балабақша тұрғызылғанына қуанып отырмыз. Қанша жылдан бері кезек күтіп, сарылып жүрген едік. Енді балабақшаға немерелеріміз барып, тәртіпті де тәрбиелі болып өседі деген үмітіміз бар».
Бүгінде аудан бойынша 24 балабақша мен 34 мектепке дейінгі мекемеде балалар тәрбиеленуде. Айта кету керек, ауданда балабақша кезегінде тағы 1300-ге жуық бүлдіршін тұр. Білім бөлімінің басшысы жыл соңына дейін жеке кәсіпкерлердің көмегімен бүлдіршіндердің 60 пайызын мектепке дейінгі мекемеге орналастырамыз дейді.
Сейітхан Ақтаев, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы: «Аудандық бюджетке ауыр тиіп жатқандықтан, мұндай істерге кәсіпкерлерді тартып жатырмыз. Мемлекеттік серіктестік ретінде жекеменшік балабақшаларды ашуды жылдың басында кәсіпкерлермен келісілген. Нәтижесінде аудан әкімшілігі және білім бөлімі болып, үш жақты мемарандумға қол қойылды. Енді алдағы уақытты 8 кәсіпкер балабақша ашайын деп отыр».
Айта кету керек, бұған дейін «Балапан» бағдарламасы бойынша өңірде 3 балабақшаның тұсауы кесілген болатын. «Алдағы уақытта та осы қарқынмен жұмыс істесек, біз алмайтын асу жоқ » дейді аудан әкімі.
Әуелхан Тұрғынбеков, Төле би ауданының әкімі: «Жалпы, осылай жұмыс істесек, 20 жылға дейін емес, одан да аз уақытта балабақшаны қажет ететін балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтуға мүмкіндігіміз болады ғой деп ойлаймын. Егер мемлекет тарапынан және жеке кәсіпкерлерден қолдау болып тұрса, мәселені міндетті түрде шешеміз».
Айта кетейік, ауданда бүгінде мектепке дейінгі мекемелер мен шағын орталықтарда 4000 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZzWhUxiSbMQ[/youtube]