Темірлан тасжолы бойындағы «Автопарк» аялдамасы соңғы үш жылда бірнеше рет жаңаланды. Ал осы төңіректе тұратын азаматтар «әкім ауысқан сайын орын алатын жаңашылдықтан мезі болдық» деп наразылықтарын білдіруде. Темірлан тасжолы бойындағы 40-үйдің тұрғындары аң-таң. Былтыр ғана жөнделген аялдамада биыл да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жолдың бойындағы бөгеттермен қоса лотоктар, жүргіншілер жолы қопарылып, темір аялдама бұрынғы аялдаманың орнына салынған.
Үйдің бірінші қабатындағы кәсіпкерлер әкімдіктің әрекетінен жұмысын жөнге қойып үлгеретін емес. Жақында ғана осында жүргізілген жарық жүйесінен кейін мына жерге бетон төселген еді.
Клара Сапарова: «Өзім де бетон құйыстым. Алдында плиталарды орнатып едік, оны қопарып тастап, қалпына келтірмеді, сосын бетондадық, оны да қопарып тастады. Не істерімізді білмейміз.»
Мердігер мекеме жұмыс қала әкімдігінің тапсырысымен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жоба бойынша аялдаманың төңірегі кеңейтілмек.
Нұрлан Тасов, «ШДКХ» мекемесінің өкілі: «Аялдаманы бұрынғы орнына ауыстырамыз. Қаптал салынып, автобустар жүргізушілеріне ыңғайлы болады. Лотоктар мен жүргіншілер жолы қарастырылған. Аялдаманың арты мен алдынан жүретін жол түседі.
Қаланың негізгі көшелерінің бойындағы аялдамалар алдына осындай қапталдар салынады дейді әкімдіктегілер.
Абай Тұрханов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жол секторының меңгерушісі: «Темірлан тасжолындағы 19 аялдамада «қалталар» салынады. Ол мақсатта бюджеттен 40 миллион теңге қарастырылған. Қазір «Жайлау» аялдамасының екі жағында және «Автопарк» аялдамасында құрылыс басталды. Әрбір аялдамаға жұмыстың көлеміне қатысты 2 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады.»
Қапталдарды салу жұмысы осы жылы аяқталуы тиіс. Тиісті мамандар осылай дейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=piOTreB4C20[/youtube]