Облыс мәслихатының хатшысы Құдайберген Ержан мен облыс мәслихатының депутаты Спандияр Бекжігітов өткен аптада Бәйдібек ауданына барып қайтты. Халық қалаулылары аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып қана қоймай, ауыл тұрғындары және аудан активімен кездесті.
Депутаттар алдымен Сарыбұлақ ауылында салынып жатқан 200 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Былтыр қараша айында бастауын алған құрылыста негізгі жұмыстар аяқталыпты. Мердігердің мәлімдеуінше, енді тек мектеп ауласын көріктендіру жұмысы қалған. Жаңа үлгідегі екі қабатты мектеп 1-ші қазанда тапсырылады деп жос-парлануда. Мектеп ғимаратының ішінде бір де бір жабдықтың орнатылмағанын ескерсек, дәл екі аптадан кейін мұнда оқушылар оқиды деп айтуға ертерек сияқты. Жылу жүйесі қыс мезгілінде сыр бермес үшін батарейлерге «Маевский» бұрандыларын міндетті түрде орнату қажеттігін және құрылыстың сапасы өз деңгейінде болуын Құдайберген Ержан мердігерге ескертті. Олай айтуға негіз бар. Өйткені, «Сарыбұлақ» негізгі орта мектебінің ғимараты апатты деп танылғанда, халық қалаулылары Сарыбұлақ ауылына жаңа мектеп қажет деп, оның жобалық сметалық құжаты мен құрылысты жүргізуге облыс бюджетінен қаражат қарастырған болатын. Апатты мектеп ғимараты пайдалануға өткен ғасырдың 60 жылдары берілген. Бүгінде тозығы жеткен білім ошағындағы тар сынып бөлмелерде 198 бала дәріс алуда. Қыс мезгілінде балалар тоңып қалмас үшін әрбір бөлмеде пеш жағып келіпті. Енді бұл проблемалардан сарыбұлақтықтар жақын арада арылады. Жаңа мектепте өзінің дербес жылыту көзі қарастырылған. Жобалық сметалық құжатқа сәйкес мұнда екі қазандық орнатылған: бірі – қараша айында іске қосылса, екіншісі – резервте тұрады. Ауылдың шетінде бой көтерген мектепке барар 80 метр жол мен көпір мердігердің есебінен жөнделетін болыпты. Ел ағалары жаңа мектептің құрылысына көңілі толып, марқайып қалды.
Тұрақты ауылына бет алдық. Ауылдардың арасы біршама жол. Асфальт біткен соң, 3 шақырымдай қиыршық тас төселген жолмен Тұрақты ауылына жеттік. Депутаттардың келетінін естіген жұрт жиналып, әңгіме – дүкен құрып жатыр екен. Ауыл ақсақалдары бірден өзекті мәселелерді депутаттардың алдына жайып салды.
Әбдіманап Құралов жолдың азабын көрумен келеміз дейді. Қария, жоғары сынып оқушылары 3 шақырым жол жүріп, Қаратас ауылында оқитынын, жүкті әйелдер аудан орталығына жете алмай ауылда босанып жатқанын тілге тиек етті. Тағы бір мәселе – ол тозығы жеткен бағаналарды жаңалау және жарықтандыруды дұрыстау.
Облыс мәслихатының хатшысы Құдайберген Ержан барлық әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жиналғандарға жеткізді.
Жаңадан Бәйдібек ауданына әкім болып тағайындалған Әбдімүтәліп Көбеев Тұрақты мен Каратас ауылындағы 3 шақырымнан астам жолдың жобалық сметалық құжатын әзірлеуге тапсырыс берілгенін айтты. Ақбастауға дейінгі 8 шақырым жолға асфальт төсеу жұмысы тиімсіз деп танылыпты. Тағы бір айта кететін жәйт, Мыңбұлақтағы Қосбұлақ ауылындағы 8 шақырым жол келер жылы орта жөндеуден өтетін болды. Жарықтандыру мәселесі бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесімен келісім бар дейді Бәйдібек аудандық мәслихатының хатшысы Спабек Сылқымбек. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, энергетиктер тозығы жеткен бағаналарды кезеңімен алмастырып, желілерді келер жылы жаңалайды.
Ақбастау ауыл округінің тұрғындары ағын суға жарымай отырмыз деп депутаттарға шағымданды. Алайда осы ауыл округі әкімінің орынбасары Айтубек Маханбетов ауыл азаматтарына кінә тағуда. Шенеуніктің айтуынша, бюджеттен 36 млн теңге бөлініп, Қалтай каналы жөндеуден өткен. Оның барысында 8 құлағы да белгіленіпті. «Бітеліп қалған бір арнадан су ақпай жатқаны бар, оған ауылдағылар өздері кінәлі. Өйткені, тазалап тұрмайды» дейді ол.
Кездесуде ескірген клубтың жәйі де сөз болды. Пайдалану мерзімі біткен ғимараттың орнына болашақта жаңа үлгідегі мәдениет сарайы бой көтеретін болыпты. Бұл жаңалықпен ақбастаулықтарды тамыз айында осында болған облыс әкімі Асқар Мырзахметов қуантқан.
Аудан орталығы Шаянға барар жолдың бойында бой көтерген №19 кәсіптік техникалық колледждің құрылысы депутаттардың көңілінен шықты. Мердігер «ГК Шымкентгаз» ЖШС-нің бас инженері Мубарис Кураев 180 орындық үш жатақханада 380 оқушы механизатор, комбайншы, дәнекерлеуші, жүргізуші сияқты өзге де техникалық мамандықтардың қыр-сырын үйренеді дейді. Құрылысы 2009 жылы басталып, қаржы тапшылығы салдарынан бір жарым жылға жұмысы тоқтап қалған нысанға былтыр республикалық бюджеттен 2 жарым млрд қарастырылып, құрылысы жалғасқан. Техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары кезде мұндай лицейдің ашылуы тек аудандағы жұмыссыздықты ғана емес өңірдегі өзге мәселені де шешеді деп күтілуде.
«Комсомол» каналының ішкі жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша 90 жылдары жарамсыз болып қалған 21 шақырым су жүйесі мен 5 шақырымдай канал қалпына келтіріледі. Бұл мақсатта бюджеттен 279 млн қаржы бөлінген. Игі бастама жүзеге асса халық ағын судан аудан тапшылық көрмейді. Оған қоса игерілмей жатқан жерлер қолданысқа кіреді. Аудан активінде Әбдімүтәліп Көбеев күрделіліктерді жасырмады. Оларды шешу жолдарын да ұсынды. Мәселен, шығыстар аудан бюджетінің қалтасын көтермей отыр. Соңғы 8 айда бюджетке тек 8 млн ғана қаржы түскен. Өзге аудандарда бұл көрсеткіш 100 млн-ға жетеді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар аудан басшылығымен айқындалған. Тек аудан активінің көмегі қажет.
Шынар ОРАЗОВА
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=yHzePUwuJjA[/youtube]