Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Мен үйді жөндеу үшін сол үйді банкке кепілге қоя отырып, несие алдым. Біраз уақыт айма-ай оны төлеп жүргенмін. Бірақ 2011 жылдан бері дағдарысқа байланысты несиені төлей алмай қалдым. Биыл 10-тамыз күні маған банктен міндеттемелерді орындамағаны үшін үйімді соттан тыс аукционға өткізу туралы хабарлама келген. Мен бұған қарсымын, себебі үйімді сату-сатпауды тек сот шешеді ғой. Қалайша банк менің келісімімсіз жалғыз баспанамнан айырмақшы? Банктің бұл әрекеті заңды ма?

Жауап: 

– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 319-бабының 2-бөлігіне сәйкес кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату ерекшелiктерi осы азаматтық кодекспен және жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер, егер азаматтық кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.

«Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 5-2-тармақшасы бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызы – тұрғын үй салу не оны сатып алу және (немесе) жөндеу мақсатында берiлетiн ипотекалық қарыз.

Яғни Сіздің қарызыңыз ипотекалық тұрғын үй қарызы болып табылады және одан туындайтын қатынастар «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледі.

Сонымен, «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 3-тармағында келесідей белгіленген:

Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға:

1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа адамның немесе органның келiсiмi талап етілген және осындай келiсiм алынбаған;

2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;

3) ортақ меншiктегi және оның меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келiсiм бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;

4) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл ұстаушының ипотекалық шарт тіркелген жердегі орган тіркеген және осы Заңның 26-бабының 7-1) тармақшасында белгіленген мерзімде берілген кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өткізуді соттан тыс тәртіппен жүргізуден жазбаша түрде бас тартуы болған;

5) жеке тұлға микроқаржы ұйымымен (кредиттік серіктестікпен) жасасқан микрокредит (кредит) беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын тұрғын үй және (немесе) тұрғын үй орналасқан жер учаскесі ипотеканың нысанасы болып табылған жағдайларда жол берiлмейдi.

Аталған жағдайларда кепiлге қойылған мүлiкті өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.

Сіздің жағдайыңызда осы баптың 4-тармақшасында көрсетілген норманы қолданған жөн.

Сонымен қатар Сізге міндеттемелерді орындамағаны туралы хабарлама берілген немесе жіберілген күнінен бастап жиырма бес күннің ішінде ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша түрде бас тартқаны туралы хабарламаны банкке беруіңіз қажет. Мұндай жағдайда банк Сіздің үйіңізді соттан тыс өткізе алмайтын болады.