Сарыағаш ауданы Дербісек ауылдық округіне қарасты Ферғана ауылында республикалық және облыстық бюджет есебінен салынған 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Атап айтқанда, лингафондық кабинет, интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер де талапқа сай. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының спорттың бірнеше түрімен шұғылдануларына да барлық жағдайлар жасалған. 400-ден астам оқушы жаңа білім ошағының табалдырығын аттады.
Бүгінге дейін 4 орта мектеп жұмыс істеп келсе, ауылдың демографиялық табиғи өсімі жоғары болғандықтан, білім ошағына деген қажеттілік туындаған.
Жалпы былтыр ауданда жаңадан 6 мектеп іске қосылған болатын. Келесі жылы 9 мектептің құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі деген жоспар бар. Аудан әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың айтуынша аудандағы апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі алдағы үш жылда толығымен шешілмек. Облыс бойынша биыл қыркүйектің басында 22 мектеп есік ашса, жыл соңына дейін тағы 28 мектеп пайдалануға беріледі.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ