Жарты ғасырдан бері жұбы жазылмағандар

Асылбек Үсіпбаев пен Жақсыгүл Қалменова

Алтын той – ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтеріп, отасқанына елу жыл өткенде тойланатын үлкен қуаныш. Мерейлі мерекеге аман-есен жеткен жұбайлардың барлығы бұл күнді атап өтуге тырысады. Өйткені «Алтын той» ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымды білдіреді. Осындай іргесі берік, шаңырағы шаттыққа толы жанұяның бірі Шымкентте тұрады. Олар — Асылбек Үсіпбаев пен Жақсыгүл Қалменова. 1 қыз, 4 ұл өсіріп, олардан 14 немере, 2 шөбере сүйіп отырған 73 жастағы Асылбек қария мен 70 жастағы Жақсыгүл апаның әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет.

Асылбек Үсіпбаев пен Жақсыгүл Қалменова
Асылбек Үсіпбаев пен Жақсыгүл Қалменова

50 жылдан бері өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген ерлі-зайыптының пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салса, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы жастарға үлгі боларлықтай.

— Мен әкем Оразымбет соғысқа аттанғаннан кейін, 1940 жылы өмірге келгенмін. Балалық шағым сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа тұс келді. Соғыс кезінде біздің басымыздан бұлт арылған жоқ. Сондықтан да болар, еңбекке ерте араластым,- дейді Асылбек қария балалық шағын еске алып. – 7 жылдық мектепті тәмамдап, Сайрам ауданына қарасты бұрынғы Калинин колхозында шопыр болып жұмыс істедім. Араға бір жыл салып әскер қатарына аттандым. 1962 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, Жақсыгүлмен танысып, қосылдық. Ол кезде менің жасым небәрі 23-те болса, Жақсыгүл енді ғана 19-ға толған еді. Отау құруға бел буғанымда, ата-анам «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтқан еді. Сол кісілердің ақылы ақыл-ақ екен. Қиын қыстау кез болса да шаңырақ көтеріп, үйлендім. Той жасауға жағдайымыз да, қаражатымыз да болмады. АХАЖ бөліміне барып, заңды түрде некеге ғана тұрдық. Сол күндерден естелік ретінде үйде бір ғана сурет бар. Бір жылдан кейін қызды болдым, – дейді қария. – Отбасылы болып, әке атанғанымда ғана өмірдің бір тегіс емес екенін, түрлі соқпағы мен кедергісі барына көзім жетті. Мәселен, әке бола салысымен, Жақсыгүл мен құндақтаулы сәбиімді ата-анама аманат етіп, Алматыға оқуға кетіп қалдым. Мен жоқта Жақсыгүл ата-анам мен ініме, қарындастарыма қамқор бола білді. 2 айлық Ләззатты анама қалдырып, ауылдағы амбулаторлық емханаға жұмысқа орналасты. Тапқан 45-50 сомның бір тиынын да жұмсамай әкем Оразымбетке беріп тұрды. 2 жылдан кейін оқуымды тәмамдап елге оралдым. 1966 жылы Шымкент қаласындағы ІІД жұмысқа орналастым. Қалаға қоныс аударып, жалдамалы пәтерде тұрдық. 1967 жылы дүниеге Темірбек есімді ұлым келді. Сол жылы білімімді жетілдіру үшін Ташкент қаласына 4 айға кетіп қалдым. Артынша Харьков, Саратов қалаларында дәріс алдым. Жақсыгүл болса Ләззат пен Темірбекті балабақшаға орналастырып Шымкент қаласындағы №1 Айболит балалар емханасына жұмысқа орналасты. 1968 жылы «Жас қызметкер» деген бағдарлама бойынша 2 бөлмелі пәтерлі болдық. Сол пәтерде 1997 жылға дейін тұрып, өсіп-өндік, көбейдік. Қанша қиын болса да, ата-анамның алдындағы балалық, жұбайлық, әкелік борышымды ойдағыдай атқаруға тырысып бақтым. Қосағым Жақсыгүл екеуміз өмірдің талай тоқпағын бірге көріп, қиыншылықты жеңе білдік. Күні кеше сияқты еді, одан бері елу жыл өтіпті. Бір кездері бүр жарған қос шыбық қазір мәуелі бәйтерекке айналып отырмыз, — дейді Асылбек Үсіпбаев. Ақсақал өзінің төккен тері мен еңбегінің ақталғанына, балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, өмірде өз орындарын таба білуіне үлес қоса алғанына бір марқайып отырған еді. Кенет ақсақалдың үйіне немерелері жүгіріп келіп, бөлме іші мәре-сәре болды. Былдырлаған бүлдіршіндердің бірі атасының алдына отырса, енді бірі арқасына асылып, мойнына оратылды. Немерелерінің балдай тәтті қылығына еміреніп, жас баладай қуанып отыр. Тай құлындай шабысқан бүлдіршіндердің соңынан әжелері жүр. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың», деген Жақсыгүл апа, Асылбек қарияның қасына жайғасып, әңгімемізге араласты.

38-009

– Үсіпбаевтардың шаңырағына келін болып түскелі, атам маған еш уақытта келін ретінде қараған жоқ. Қызындай еркелетті. Жұбайым да бір ауыз артық сөз айтып, көңіліме қаяу түсірмеген. Мен де өз кезегімде ата-енемнің алдынан кесе көлденең өтпей, ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа сыйлы болуға тырыстым. Жұбайымның айтқанын екі етпей, көңілін қалдырған жоқпын. Сондықтан да болар, әлі күнге дейін тату-тәтті өмір сүріп, немере-шөберенің қызығын бірге көріп келе жатырмыз. Жастық шақта қиындықты аз көрмедік. Соған қарамастан, перзенттерімізді ел қатарлы өсіріп, үлкен дәрежеге жеткіздік. «Ұлды ұяға, қызды қияға» қондырдық. Келіндеріміз бен күйеубалаларымызды өз перзентіміздей көреміз. Немереле-ріміздің алды балалы болып, бізді бір қуантып тастады. «Бала — балым, баламның баласы – жаным» деп шөберелерімізді бауырға басып отырмыз. Біздің жолымызды балаларға берсін деп тілеймін. Келіндеріме әрдайым еріңді сыйла, ағайын-туыстың көңіліне қаяу түсірме, отбасы құндылығын бағалалай біліңдер деп отырамын,-дейді Жақсыгүл апа.

Осыдан 27 жыл бұрын түсірілген сурет
Осыдан 27 жыл бұрын түсірілген сурет

– Ағайын-туыстың арасында «Алтын той» жасаған кісілер жоқтың қасы. Сондықтан да осы күнге жеткенімізге мың қайтара шүкір. Бала-шағаның ортасында күліп-ойнап, амандығын тілеп отырғанға не жетсін. Құдайдың бергені мен беретіні таусылмасын деп, «Гауһар тойға» жетсек деген ниет те жоқ емес,-дейді Жақсыгүл Қалменова.

38-010

«Алтын той» иелерінің шаңырағы осындай. Асылбек қария мен Жақсыгүл апаның өмірі, жомарттығы мен парасаттылығы, отбасы құндылығына деген көзқарасы өзгелерге үлгі боларлықтай. Ендеше, 50 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптылардың шаңырағы шаттыққа тола берсін. Алла Тағала «Гауһар тойға» жетуге нәсіп етсін деп тілек білдіреміз.

Айжан Ермекқызы