Өткен аптада облыс және қала басшылығы, табиғи монополияларды реттеу басқармасы бірігіп, Шымкенттің қысқа дайындығын тексеруге шықты. «3-энергоорталықтағылар» қазанның 15-не дейін қала қысқы жылу беру маусымына толық дайын болады деген уәдесін берді. Алайда, жылу берушілер көкейлерінде жүрген базыналарын да айтып қалды. Олар жылу тарифін көтеруді сұрайды. Соңғы бес жылдан бері жылу бағасын көтермедік деген коммуналдық қызмет басшылары, шығынға батып жатырмыз дегенді алға тартты.
Жылу берушілер қаланы қысқа дайындау жұмыстарының 80%-ы орындалғаны туралы БАҚ өкілдеріне баяндады. Биылғы қыста тұрғындардың мұрны да тоңбайды деп кепілдік береді «3-энергоорталықтың» өкілдері.
Әйтсе де, жылудың жайы реттелді деп жар салатын коммуналшылардың уәдесі жыл сайын олай болмай шығатыны бар. Өткен жылдардың тәжірибесі қыс ауасы қырауда тұрғындардың пәтерінде отырып бүрсең қаққанын көрсетті. Мұның себебін жылу берушілер құбырлардың қатты тозып кеткенімен түсіндірген. Дәйектеріне сүйенсек, шаһардағы жылу магистральдарының 65%-ы толықтай жаңартуды қажет ететін көрінеді. Ол үшін қаржы керек. Монополист мекеме теңге тапшылығын шешудің жалғыз жолын көріп отыр. «Жылу тарифын кем дегенде 30%-ға көтеру керек, әйтпесе, шығынға батып жатырмыз» дейді «3-энергоорталық» басшылығы.
– 5,5 шақырым үлкен магистральді құбырлар жаңарды. 7 шақырым ішкі орамдық құбырлар ауыстырылды, – дейді «3-Энергоорталық» АҚ-ның бас инженері Қыдырәлі Насибов. – Қазір жұмыстар 75-80%-ға бітті. 15-қыркүйекке дейін жоспардағы жұмыстарды толықтай аяқтаймыз.
Мамандардың сөзінше, жұмыстар кесте бойынша жасалуда. Енді жылу құбырының 17 шақырымы жөнделсе болғаны, қалалықтар қыстан бүрсеңдемей шығады деген сөз. Шымкенттің әкімі Дархан Сатыбалды мырзаға таяуда «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы осы жылу мәселесі бойынша сұрақ қойған едік. «Құдай қаласа қысты жылы пәтерде қарсы аламыз» деген сыңайдағы жауап алдық. Жаңа әкім берген уәдесінде тұрады деген ойдамыз.
– Бұл – 2015 жылға дейін болмайтын іс. Жылу бағасы тек сол жылу берушілер жағатын газдың құнына байланысты көтерілуі мүмкін, – дейді ОҚО табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрмахан Жолдасов. – Өйткені, біз көгілдір отынды Өзбекстаннан аламыз. Бірақ ол іс алдағы жылдардың еншісінде».
Мақпал Ыбырайым,
Дәурен Әбдіраманов