Қоғамдық бірлестіктерге қаржылық қолдау көрсетілмек

310
Шымкентте 20 қоғамдық бірлестік қана белсене жұмыс жасайды

ХХІ ғасыр талабы. Жастар саясаты. Қоғамдық бірлестіктер. Қаламыздағы белсенді замандастарымыз бас қосып, жастар басқармасы басшысының алдына жаңа жоспарларын ұсынды. Көшбасшылар ә дегеннен-ақ жас отбсылардың баспана мәселесін, бүгінге дейін сағызша созылған студенттер жолақысының жайын да айналып өткен жоқ. Жиын аясында қоғамдық пікірдің қозғаушысы болып жүрген белсенді бірлестіктер өздері білек сыбана атқарып жүрген жұмысын мақтана жеткізді.

Шымкентте 70-тен астам қоғамдық бірлестіктер бар
Шымкентте 70-тен астам қоғамдық бірлестік бар

 Сәбира Байзақова, «Қазақстан ауыл жастары одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Жұмыстың нәтижесі деп біз өткен жылғы басты бағдарламамыз — «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын айтар едік. Яғни 2012 жылы 321 жас жұмыспен қамтылса, биылғы статистика бойынша салыстырмалы түрде 716 жас осы бағдарламаны негізге алып, жұмыс істеп жатыр. «Жастар — ауылға» бағдарламасы негізінде «Жас Отан» жастар қанаты, Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Ауыл жастары одағы» қоғамдық бірлестіктері жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Анығын айтсақ, үш ұйымның бірлескен түрдегі «Жастар — ауылға» жобасы жүзеге асырылып жатыр дей аламын.»

Шымкенттегі жастардың саны 197 мыңға жуық. Дегенмен, олар көбіне қоғам жағдайына атүсті қарайды дейді белсенді жастар. Мәселен, бір ғана Шымкент қаласында 78 қоғамдық бірлестік болса, бүгінде оның 20-сы ғана белсенді жұмыс жасайды. Сондықтан аталған басқарма басшылығы жас қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетпек. Сонда көшбасшы жастар көбейетініне сенеді.

 Абзал Әліқұлов, ОҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы: «Қоғамдық бірлестіктер болғанда, қаражат мынау жастар саясатымен бірге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Сөйтіп ол сессияда, мәслихатта біздің депутаттар қолдаса, ендігі жылы Құдай қаласа 150 миллион теңгені сол жастар саясатын жүргізіп отырған қоғамдық бірлестіктерге бөлмекпіз. Сосын олар жүйелі түрде жұмысын жасайды.»

Айтпақшы, дөңгелек үстелде әңгіме болған баспана мәселесі де бірте-бірте шешімін тауып жатыр екен. Биылдың өзінде жас отбасылар үшін 72 пәтер кілті тапсырылмақ , ал келесі жылы 7 бірдей үй сол жас жұбайларға беріледі. Әзірге жастар саясаты басқармасы басшылығы түйткіл осылай тарқалатынына сендіріп отыр.