"Су арнасы - маркетингі" ЖШС-нің жұмысына шетелдіктер қызығып жатыр

 Шымкентпен тәжірибе алмасу. Дәл осы мақсатпен Қырғызстанның алып қалаларындағы ауыз су тарататын мамандар қаладағы «Су арнасы — Маркетинг» ЖШС-не арнайы келіпті. Қонақтардың таңдауы шымкенттік кәсіпорынға түскені өзге ел өкілдерінің де қызығушылығын тудырыпты.   

 "Су арнасы - маркетингі" ЖШС-нің жұмысына шетелдіктер қызығып жатыр
«Су арнасы — Маркетинг» ЖШС-де өткен дөңгелек үстел

 Су арналары әр түрлі, бірақ мәселелері ұқсас. Сондықтан жиналғандар саладағы кәсіпорындарға тән проблемаларды шешу жолын және ұжымды қалай басқару жеңілге түсетініне жауап іздеп отыр. Мамандар су жүйесі саласындағы көшбасшыларға қойылатын талапты да талқылауға кіріскен. Бәрінен бұрын қырғызстандық қонақтар «Су арнасы — Маркетинг» ЖШС-інің жұмыс жасау жүйесіне қызығушылық білдіріп, құпиясын білу үшін келгенін жасырған жоқ.

 Тұнжырбек Құдабаев, Қырғызстаннан келген қонақ: «Біздің сапарымыз су тарату саласына қатысты кәсіпорындардың өзара тәжірибе алмасуы бағдарламасымен байланысты. Бұл — Швецариялық жоба болғандықтан, сол ел демеушілік жасап отыр. Ал Шымкенттегі «Су арнасы — Маркетингтен» үйренеріміз көп. Мұнда үлкен тәжірибе, жүйелі жаңа бағыт бар.»

 Кәсіпорын жұмысы жайындағы баяндамалар оқылысымен-ақ жиын пікір-таласқа ұласты. Қырғызстандық мамандарды бәрінен бұрын кәсіпорынның есеп-қисабы мен ағынды суды тазалау жүйесін жаңғырту жұмыстары қызықтырады екен. Ал қонақты күтуші тарап еш ерінген жоқ. Тәжірибесін бөлісіп, әріптестеріне түсіндіріп жатыр.

 Нұриддин Жарболов, «Су арнасы — Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары: «Әрине, көрші елден әріптестеріміздің бізге келіп үйреніп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе! Таңдаудың бізге түскені қуантады. Мұның барлығы ұжымның жемісті жұмысының нәтижесі деп білеміз. Ал біз қонақтарға 3 бағыт бойынша жұмыс жасауды үйретеміз. Алдағы күндерге жасаған жоспарымыз көп. Ендеше, көпке үлгі болуды ұжым одан әрі де жалғастырады.»

 Шымкенттегі жұмыстың барысына қаныққан қырғызстандық қонақтар кездесуден тәжірибеде пайдасы тиетін көп мәлімет алды. Одан кейін қонақтар кәсіпорынның басты жұмыс орындарымен танысты.