Ана махаббатына бөлене алмаған сәбилерді күту тәрбиешілердің қолында

Шымкенттегі бөбектер үйіндегі әрбір сәби өмірінің өз тарихы бар. Кейбірінің ата-аналары өз құқыларынан сот шешімі бойынша айрылса, енді бірінің әкесі немесе шешесі темір торға қамалған. Тағы бірі бұл мекемеге анасының сәбиінен бас тартқаны жайлы перзентханада жазған хатымен бірге түскен. Мұнда тұрмыстағы қиындықтарға байланысты балаларын уақытша қарауға қалдырып кеткен аналардың перзенттері де жүр.

Тағдыр тәлкегіне ұшыраған сәбилер тәрбиешілерін аналарындай жақсы көреді. Олардың айтқанын тыңдап, үйреткен би қымылдарын тез қағып алады. Солардың бірі — томпаңдап билеп, былдырлап сөйлеп жүрген Нұрай. Бүлдіршінді анасы осында уақытша қалдырып кеткен екен. Тәрбиешілердің айтуынша, жас ана жігіттің арбауына түскен. «Бұл оқиғаны біз және Нұрайдың анасы ғана білеміз, басқа ешкім білмейді. Оқуын бітірген соң қызын алып кетеді» деп сендірді.

 Халида Абдыханова, мамандырылған бөбектер үйінің аға педагогы: «Кеңес одағы кезінде мұндай жағдайды ұят санайтынбыз. Қазір етіміз де, құлағымыз да үйреніп кеткен. Қазір саябақта отырған қыз бен жігітті көрсем, еріксіз  сәбилер есіме түсіп кетеді. Себебі, қазір біріне-бірі өліп-өшіп отырған жастардың ертең шалыс баспасына кім кепіл? Бұған қоса ұялмай сүйісіп отырғандарды көрген балалар не істемейді? Сол кезде «қыздар, осы қадамдарыңның соңында опық жеп, өз перзенттеріңді тастап кетесіңдер ғой!» деп айтқым келеді. Айтайын деп тұрып, өзімді-өзім басамын. Себебі, қазіргі жастар аямайды. Айтамын деп, бір рет аузым күйген. «Жұмысыңыз болмасын» деген жауап естіп қалғаным бар».

Тастанды балалармен жұмыс істеуге тәжірибелі, білікті мамандар қажет. Алайда, үздің ұстаздың қамқорлығы ата-ананың мейіріміне жетпесі анық. Қазір сәбилер үйінде 66 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Олардың ішінде дүние есігін енді ашқан шараналар да бар. Олар жарық дүниеге келгеннен бастап тастанды бала атанып отыр.

Ананың омырауында балбырап ұйықтай алмаған бұл сәбилерді арнайы тәрбиешілер күтеді. Мамандардың айтуынша, елдігіне ие болудан қалған Қазақтың арасында тастанды бала, тайқы маңдай тағдырлы жандар көбейіп барады. Сәбилердің 90 пайызы — қазақ балалар дейді тәрбиешілер.

Ана махаббатына бөлене алмаған сәбилерді күту тәрбиешілердің қолында
Ана махаббатына бөлене алмаған сәбилер тәрбиешілердің қолында

Сапаркүл Дербісбекова, мейірбике: «Бізде тәрбиеленіп жүрген балалардың біраз ауру. Көбісі іштен туа біткен дерті бар сәбилер. Олардың аналары бала құрсақта кезінде есірткі қолданып, ішімдік ішкен. Темекі шеккен. Содан баланың дамуы кешеуілдеп, осындай дертке ұшырап жатады. Соңында ауру баланы керек етпей, осында өткізеді. Біз ол балаларды арнайы құрал-жабдықтар арқылы дене бітімін түзеуге, кеудесін көтеруге, еңбектеуге, отыруға талпындырамыз. Бұл балалар бізді бөлмеге кіргеннен сезеді, даусымызды таниды, қуанады. Біз сәбилерге не қажет екенін сеземіз, олар бізді өз анасындай көреді.»