Өңірдегі елдімекендерде тозығы жеткен электр жүйелерін кезең-кезеңімен алмастыру мақсатында 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қабылданған. Соның аясында Шымкенттің іргесіндегі «Қаражол — 1, 2» шағынаудандарын үздіксіз, сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жоғарғы кернеулі желілерін тарту жұмысы қолға алынған. Мұнда заман талабына сай оқшауланған аспалы сымдар тартылып, трансформаторлар мен қосалқы стансалар орнатылды. Осыған дейін елдімекен электр қуатын Қызылсай мен Тассайдағы қосалқы стансалардан алып келген. Ең сорақысы, бұрын қондырғылар қалай болса солай орнатылып, желілер талаптарынан ауытқып тартылған болатын. Енді мұндай бей-берекетсіздікке тосқауыл қойылды.
Мұхит Нышанбаев, ҚР табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігінің ОҚО департаменті басшысының орынбасары: «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2013-2015 жылдарға арналған бұл инвестициялық бағдарламасы еліміздің табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігінің облыстық департаменті мен индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген. Ол бойынша 7,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 2013 жылы 2 миллиард теңгеден астам қаржы игерілуі тиіс.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=IZR5rHPWw9k[/youtube]
Мамандардың мәлімдеуінше, тұтынушыларды үздіксіз электр жарығымен қамту мақсатында монополистердің жүктелген міндеттерді жүзеге асыруы бақылауда болады. Ал энергетиктер өз кезегінде оқшауланған аспалы сымдардың желіге заңсыз қосылуына жол бермейді. Сондай-ақ, тоқ тұйықталып, электр жарығы сөніп қалу сияқты ақаулар енді «қаражолдықтарды» мазаламайды дейді.