Қарызға батқан шымкенттіктер үш күннен бері аш отыр

258
Осы жерлестеріміз 3 күннен бері нәр татқан жоқпыз деп отыр

Банктерге белшеден қарызға батқан жерлестеріміздің аштық жариялағанына бүгін — үшінші күн. Бірнеше жыл бұрын жекеменшік қаржы құрылымдарынан несие алып, қарызын өтей алмай, барынан айрылғандар биліктің назарын аудару үшін осындай қадамға барып отыр. Тығырықтан шығудың жолы аштық жариялау деп тапқан жерлестеріміздің бұл әрекетіне көпшілік бағасын беріп үлгерді. 

Аштық жариялағандар
Аштық жариялағандар

Аштық жариялаған топ жиналған мына баспананы да несие қарызы қайтарылмағандықтан банк қызметкерлері алып қоюы мүмкін. Бұл жерлестеріміз кезінде банктегі қарызының бір бөлігін өтеп, қалған қаржыны төлеуге шамалары жетпей қалған.

Түймегүл Байсеңгірова, қала тұрғыны: «Ол кезде жұмыс көзі бар еді. Қарызымды бір жарым жылдай төлеп келдім. Одан кейін ешқандай төлемге шамам келген жоқ. Себебі, жұмыс көзі жоқ. Енді, міне, үш күннен бері аштықта отырмын, ешкім келген жоқ. Банктен де, биліктен де ешкім көмектесуге келген жоқ. Отырғаным отырған, жалғыз баспанамды бермеймін, өле-өлгенше отыр десе, отырамын осылай.»

Осы жерлестеріміз 3 күннен бері нәр татқан жоқпыз деп отыр
Осылайша ереуіл жасап отырғандар 3 күннен бері нәр татқан жоқпыз деп отыр

Мойнына алған міндетін орындамағандықтан, қаржы ұйымы біразының баспанасын соттің шешімі арқылы алып қойған. Ал шымкенттіктердің біразы банктегі қарызын өтеудің орнына аштық жариялағандардың әрекетін құптамайды.

Бақыт Бейсенов, қала тұрғыны: «Бұлары дұрыс емес, алған нәрсесін қайтару керек. Болмаса, алмай-ақ қоюы керек. Мен өзім несие деген нәрсеге жолаған емеспін.» 

Айгүл Еркінқызы, қала тұрғыны: «Мен бұл адамдардың әрекетін дұрыс деп айта алмаймын, басында сәл ойлану керек еді. Қандай шаруа жасап жатқанын түсінуі керек еді. Бала-шаға болады, оны да ойлануы қажет. Қызметі болсын, кірісі болсын, қарызды бір нәрсеге сүйеніп алмағаннан кейін, мен қара халықтың сөзін сөйлей алмаймын.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=d4ql97Qi5hs[/youtube]

Ал қарызға белшесінен батқан топ енді Президентке арызданбақ. Айта кетейік, бұл оқиға — бүгінге дейінгі ел аумағындағы дәл осындай жекеменшік банктердегі қарызы үшін отандастарымыздың 6-рет аштық жариялауы.