«Қолжетiмдi баспана — 2020» бағдарламасы қалай орындалып жатыр?

394

Оңтүстiк Қазақстан облысында «Қолжетiмдi баспана — 2020» бағдарламасы  2011 жылдан бері iске асырыла бастады. Сол тұста «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ ОҚО филиалы мен жергiлiктi атқарушы органдар арасында 9 келiсiмшарт түзiлген. Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданынан 505 пәтерден тұратын 10 үй салу жөнiнде келiсiмге қол жеткiзiлдi.

 Сол жылдың қарашасынан бастап банк мемлекеттiк бағдарламаға қатысуға ниет бiлдiргендердiң өтiнiшiн қабылдауға кiрiстi. Тиiстi мерзiм iшiнде тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы баспаналы болғысы келген салымшылар саны 847 адамды немесе 37 пулд құрайды.

Бүгiнгi таңда 10 үйдiң 5-еуi (233 пәтер немесе 14 108,60 шаршы метр аумақ) пайдалануға берiлдi. Жыл соңына дейiн көпқабатты тағы бiр үйдiң құрылысы аяқталуы тиiс. Сонымен қатар, үстiмiздегi жылдың шiлде айында банк жергiлiктi әкiмдiкпен жаңадан 3 үй салу (467 пәтер) жөнiнде келiсiм жасасты.

20-шiлде мен 20-қазан аралығында баспана сатып алушылар қатарына кiруге өтiнiштер қабылданып, нәтижесiнде ниеттiлер саны 575 адамға жеттi. Бұл нысандар келесi жылдың соңында пайдалануға берiледi деп жоспарлануда.

Ал «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары Салтанат Бопова Елбасы сынына байланысты компания басшылығы тарапынан облыстық филиалға ешқандай талап, тапсырмалар жүктелмегенiн жеткiздi. «Жұмыс күнделiктi тәртiп бойынша атқарылуда» дейдi ол. Жалпы, бүгiнгi таңда облыс бойынша 16 510 адам банктiң клиентi болса, соның 7 759-ы — «Қолжетiмдi баспана — 2020» бағдарламасына қатысуға ниет бiлдiргендер.