Облысымызда өрт сөндіруші мамандардың араласуымен жыл басынан бері 605 рет тілсіз жауды ауыздықтау оқиғасы тіркелген. Маңыздысы біздің мамандар 24 адамды ажалдан құтқарған. Мұнысын мақтаныш емес, міндетіміз деп санайтын сол жігіттер өздерін батырмыз деп есептемейді. Бейбіт күннің батырларын оқырман білуге тиісті.
Сондай жанның бірі – Ордабасы ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, өртке қарсы қызметтің капитаны Өскенбаев Алхар. Өрт сөндіруші болып 2003 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан оның қанша рет өртке шыққаны есінде жоқ. Ал осыдан 5 жыл бұрынғы оқиғаны ұмытуы мүмкін емес.
Темірлан ауылындағы Черемушка көшесінде өрт шыққандығы туралы дабыл №8 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлік кезекшілігін аяғынан тік тұрғызды. Дер кезінде келіп жеткен өрт сөндірушілер екінші қабаттан будақтап шығып жатқан қою түтінді көрді. Көршілері пәтерде 3 жасар сәбидің қалып қойғандығын шуласып айтып жатты. Подъездегі түтіннің қоюлығы сонша, түк көрінбейді. Алхар түтін арасынан пәтердің есігін табу оңай болмайтындығын сезді, сөйтті де дереу санаулы секундтар ішінде өрт сөндіру сатысы арқылы балконға шықты. Бөлме табалдырығынан аттаған кезде улы иістен тынысы тарылып кетті: еденде пластмассадан жасалған шелек пен төсеніш бықсып жатыр екен. Алхар жүресінен отыра кетті, себебі төменде әлі демалатын ауа бар еді. Ол еңбектеп барып, баланың жылаған дау-сы естілген бөлменің есігін тартып көрді. Есікті бұзып ашқанда кішкентай бүлдіршін оған қарай беттеді. Егер де сол сәтте кешіккен жағдайда сәби тұншығып қалар еді. Ең қорқыныштысы, жанып жатқан төсеніштің жанында тұрған пропан толы баллон жарылар еді.
Алхар Өскенбаевтың баланың өмірін сақтап қалуда көрсеткен батылдығы мен ерлігі, нағыз ержүрек батырға тән іс-әрекеті елеусіз қалған жоқ. Ол «Ерлігі үшін» медалімен наградталып, бұл награданы Алхар Жеңіс мерекесінің қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алды.
Бұдан бөлек, қызметтен тыс уақыттарда да, адамдардың қауіпсіздігі үшін қолын созған кездері көп болыпты. «Бұл менің Отанға, елге деген қызметім, борышым» деп қояды жігіт ағасы.
Ерім дейтін ел тұрғанда, көсегеміз көгеріп, өркеніміз өсері ақиқат. Олай болса Алхардай азаматтардың еңбегі еленіп, шаттыққа бөленіп жатса, ел болып неге қуанбасқа, көп болып неге қолдамасқа. Өскелең ұрпаққа үлгі болар ердің ерлігі деп ұғайық. «Өсер елдің ұрпағы өнегелі іске барады» деген осы болар.
Гауһар Баймбетова, ОҚО ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ баспасөз хатшысы