Шымкенттегі Абай саябағында өзбек ұлтының тілі және дәстүрі күні мерекесі аталып өтілді. Кернай мен сырнайдың сазды дауысы алыстан естіліп, мерекеге барша халықты шақырды.
Мерекеде өзбек халқының салт-дәстүрі көрсетіліп, жиналғандарға қолөнер бұйымдары паш етілді. Тағдыры мен тарихы қазақпен тамырлас халықтың мерекесіне елдің өзге аумақтарынан, тіпті, көрші елдерден де қонақтар келген. Сондай-ақ, мерекеде өзбек халқының ұлттық тағамы — палау басылып, жиналғандар одан дәм татты.
Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек драма театрының директоры: «Әрбір қала-аудандардан өзбек халқының бетке ұстар азаматтары келіп жатыр. Мерекеде 25 келі күріш басып, палау пісірдік. Бес мың дана балмұздақ таратып жатырмыз. Барлығы сән-сәнімен болып жатыр.»