160 көлік ұрланды

Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 173 көлік ұрлау фактісі тіркеліп, оның 64,9 %-ы ашылыпты

Шымкентте айдың-күннің аманында автокөлік ұрлау фактілері жиілеп кетті. Жыл басынан бері облыста 160 көлік ұрлау жағдайы тіркелген. Фактілердің 92-сі, яғни 66,7%-ы ашылған. Былтыр да жағдай мәз болмаған. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 173 көлік ұрлау фактісі тіркеліп, оның 64,9 %-ы ашылыпты. Айта кетейік, қолды болған темір тұлпарлардың тізімін «Опель Вектра» мен Ресейдің «ВАЗ» көліктері бастап тұр.

Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 173 көлік ұрлау фактісі  тіркеліп, оның 64,9 %-ы ашылыпты
Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 173 көлік ұрлау фактісі тіркеліп, оның 64,9 %-ы ашылыпты

Әрине келтірілген фактілер ресми тіркелгені. Сала мамандары көбінесе көпқабатты тұрғын үй аулаларынан, иелері түнге қараусыз қалдырған көліктер ұрланатынын айтады. Полицейлердің байқағаны, мұндай қылмыстар біркелкі немесе бір аумақтан орын алмайды. Қаланың әр мезгілінде әр жерінен ұрланады. Және көлік ұрлаушылар көздеп жүрген көлігін алдын-ала жасап алған арнайы жоспар бойынша қолды етеді. Әлбетте, бұл жос-пар әр жағдайда әртүрлі түзіледі. Және құрықталғандардың басқа да қылмыстық жәйттерге қатысы бар болып шығады. Яғни, ұрлыққа әбден әккіленгендер ғана бөтен темір тұлпарларды өз көлігіндей мініп кете алады.

40-024

Жуырда Шымкенттің полицейлері автокөліктерді айдап әкеткен және ұрлық жасаған жас жігітті құрықтады. Биылғы жылдың шілде айының ортасында Шымкент қалалық әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне 46 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол түнде белгісіз біреулер «Нұрсәт» шағынауданындағы үйдің жанында автотұраққа қойған «Мерседес-Бенц» маркалы автокөлігінің терезесін сындырып, көлік ішінен 700 мың теңгесін ұрлап кеткендігін жеткізген. Әл-Фараби ПБ-нің жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұрын ұрлық бойынша сотты болған облыс орталығының тұрғынын құрықтайды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің 8-ден аса ұрлыққа қатысы барын анықтап отыр. Ұсталған азамат барлық қылмысын алдын ала жоспарланған жүйе бойынша іске асырып отырған. Қараусыз қалған автокөліктерді таңдап мініп, темірмен терезені сындырып не көлік капотын ашып, аккумуляторын, ақша және тағы басқа құнды заттарды ұрлап отырған. Тәртіп сақшыларының анықтауы бойынша, жас жігіт тек ұрлықпен ғана айналыспай, сондай-ақ автокөліктерді айдап әкететін болса керек.

40-025

Жыл басында полицияға Шымкент қаласының 31 жастағы тұрғыны оның үйінің ауласынан белгісіз азамат құны жарты миллион теңгеге бағаланатын «Опель-Вектра» маркалы автокөлігін айдап әкеткенін айтып арызданыпты. Сөйтіп белгісіз бағытқа қашып кетіп, ізін суытқан. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асқан. Полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде ұрланған заттар мен темір (монтировка) алған. Аталған жайтқа байланысты ҚК-тің 175 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жуырда жергілікті полиция қызметкерлері таксистің өлімі туралы қылмысты ашты. Сайрам АІІБ-нің кезекші бөліміне 59 жастағы жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түскен. Хабарламада оның күйеуі, яғни 1949 жылы туылған Сайрам ауданының тұрғыны «Опель-Вектра» маркалы автокөлігіне мініп, үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайтып оралмағандығы айтылған. Үш апта өткеннен соң, Ордабасы АІІБ-нің 102 пультіне хабалама келіп түседі. Хабарламада Темірлан елді-мекенінің жанындағы ашық алаңда қоқыстың арасынан белгісіз ер кісінің денесі табылғандығы туралы айтылған. Оқиға орын алған жерге келген тәртіп сақшылары үш сағаттың ішінде мәйіттің тұлғасын анықтайды. Қайтыс болған адам бұрын із-түссіз жоғалып кеткен «Опель-Вектра» автокөлігінің иесі болып шығады. Оның жақын туысқандары мәйіттің киімінен және оң қолындағы алтын жүзігінен таныған. Жүргізілген сараптаманың нәтижесінде жәбірленуші кеуде тұсына сұғылған бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болғаны анықталған. Осы жайт бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жасалған қылмыстың ауырлығы ескеріліп, іс ерекше бақылауға алынған.

40-023

 

Полицейлер жоғары дәрежедегі нұсқа бойынша жұмыс жасай отырып, күдікті автокөлікті иемденіп кету мақсатында өлтірген деген қорытынды шығарды. Жедел уәкілдер іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті ретінде 1988 жылы туылған азаматты Қызылорда қаласында құрықтайды. Тергеу барысында күдікті өз істеген ісін мойындады. Сол күні ол үйіне қайтып келе жатып, автокөліктерді айдап әкетіп ақша таппақшы болған. Күдікті таксистер тұратын тұрақтағы ешкімге қарсылық көрсете алмайтындай үлкен жастағы ер кісінің «Опель-Вектра» автокөлігін әдейі таңдап, Темірлан тас жолына дейін жеткізуін сұранған. Темірлан тас жолына жеткеннен кейін, қаскүнем жүргізушіге автокөлікті тоқтатуды өтінеді. Содан соң, жүргізушінің мойнына белдік салып, оны қылқындырған. Қолына пышақ алып, бірнеше жерінен пышақтаған. Кейін, таксистің денесін ауылдың жанындағы қоқысқа тастап, барлық құжаттарын жойып, ұялы телефонын және ақшаларын алып, Қызылорда бағытына қарай автокөлікке мініп кетіп қалады. Өзі ешкім оны таба алмайтынына сенімді болса керек. Алдымен күдікті автокөлікке жалған құжат жасатып алмақшы болған көрінеді. Бірақ оның бұл ойы іске аспады. Содан соң, автокөлікті бөлшектеп, көміп тастаған. Айғақ зат ретінде автокөліктің бөлшектері алынды. Осы жайтқа байланысты бінеше баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақпал РЫСБАЕВА

Кенжебек Ондасынов
Кенжебек Ондасынов

Кенжебек Ондасынов, ОҚО ІІД-нің КПБ бастығы полиция полковнигі:

– Осындай қылмыстарға жүргізілген сараптама-ларға сәйкес автокөліктер-дің барлығы дерлік иелері-нің қараусыз қалдыруының салдарынан қолды болғаны анықталып отыр. Ұзақ уақытқа қадағалаусыз автотұрақтарға және көп қабатты үйлердің аулаларында тәулік бойы, әсіресе түнгі мезгілде қалдырылған көлік құралдары қылмыскерлердің оңай олжасына айналады. Сонымен қатар жыл басынан бері ұрланған автокөліктердің 95 пайызына ешқандай «дабыл» немесе басқа да автокөлік ұрлығының алдын алатын құрылғылар орнатылмағандығы анықталды. Сондықтан, көлік иелері алдымен өзі тиянақты болуы керек. Көліктерге «дабыл» орнатып, тек автотұрақ қызметтерін пайдалануы тиіс. Көлік көздеп жүргендер такси алаңшаларында да жиі ұшырасады. Сондықтан, такси жүргізушілері клиеттерді көлікке отырғызғанда сақ болғаны дұрыс.