Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінде биыл 9 айда 5199 неке қиылды. Ал 1300 ерлі-зайыпты ажырасуға ниет білдірген. 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі көрсеткіш те артып отыр. Яғни, былтыр 10 айда 4776 неке тіркеліп, 1194 азамат оны бұзуға өтініш жасаған екен.
Ертеректе ажырасу деген өте сирек кездесетін жағдай-тын. Тіпті ілуде біреу десек те болады. Мысалы, 1950 жылдары Қазақстанда некеге тұрған 100 жұптың арасында бір шаңырақ иелері ғана түсініспеушілікпен екіге бөлініп, өз өмір жолдарын қайта бастаған екен. Дегенмен, бертін келе мұндай жәйт жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр. Егер әрбір онжылдықты бөліп қарасақ, 60 жылдары 30 отбасының біреуі, 70 жылдары – алты, ал 90 жылдары үш отбасының бірі ажырасқан екен. Ал қазір бір-екі деп саусақпен санамай, бірден ауызды толтырып айтатын болдық бұл көрсеткішті. Бұған себеп көп. Мысалы, сотта қаралған ажырасу фактілеріне сүйенсек, мұнда бірінші орында – мінез-құлқының сәйкессіздігі тұр. Екіншіден – жұбайының адалсыздығы, ішкілікке салынуы. Тағы бір себеп – отбасын құруға мүдделі болмау, яғни араларында баланың болмауы, қызғану, денсаулығына байланысты және қаржы мәселесі бойынша келіспеушіліктер, т.б. Сондай-ақ, аракідік ерлі-зайыптылардың саяси немесе діни көзқарастарының келіспеуі де неке бұзуға әкеп соқтырады.
АХАТ бөлімінің бастығы Майра Есполованың айтуынша, неке бұзуға өтініш білдіргендерге қайта ойлануға 1 ай уақыт беріледі екен. Бұл заңда солай көрсетілген. Алайда осы уақыт аралығында шешімін өзгертіп, райынан қайтып жататын азаматтар өте сирек екен.
ҚР «Неке және отбасы» туралы заңында неке жасы 18 деп көрсетілген. Алайда бұл жас бірнеше себептерге байланысты төмендетілуі мүмкін. Егер жастардың ортақ балалары болса немесе қыз жүкті болып қалған жағдайда. Міне, осылай аяқты шалыс басып, еріксіз неке қиған жастардан үлгілі отбасы шығуы екіталай.
Гүлнұр СӘТБАЕВА
Майра Есполова, Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің бастығы:
– Ажырасқысы келетіндердің көпшілігі жастар. Өйткені, бүгінгі жастар психоло-гиялық тұрғыдан өте әлсіз, әрі шыдамсыз келеді. Отбасылық қиындықтарға мойынсұнғысы келмейтін олар бірден неке бұзуға бел буады. Сақтап қалуға мүмкін отбасыларға біз барымызды саламыз. Психолог ретінде ақыл-кеңес айтып, шешімдерін өзгертуге тырысамыз. Алайда, бізге келетіндердің көпшілігі заң жүзінде болмаса да, өмірде өздері ажырасып кеткен азаматтар.