Алты жасар Елдос оңалып келеді

329
Елдос аяққа тұрып, жүре бастады

Жүгенсіз жүргізушінің кесірінен зардап шеккен 6 жасар Елдос аяққа тұрып, жүре бастады. Облыстық оңалту орталығының мамандары осындай хабарды бізге қуана жеткізді. Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын жазатайым жол апатына ұшыраған бүлдіршін ауруханада 6 ай бойы ес-түссіз жатқан болатын. Елдостың жағдайы сол сәттен-ақ арнамыздың тілшілерінің назарында болды.

Елдос аяққа тұрып, жүре бастады
Елдос аяққа тұрып, жүре бастады

Бұл — Елдостың жеңісі. Өткен жылы өз еркімен жүрмек түгілі, қолына қасық та ұстай алмайтын бүлдіршін енді аяғын басып, жүретін болған. Қазір қоршаған ортасына бейімделіп, балалармен қызыға ойнайды. Тәрбиешілерінің де сұрағына жауап бере алады. Мамандар бұл алдымен Алланың, одан кейін емдік шаралардың нәтижесі деп отыр.

Малика Сейткәрімова, массаж жасаушы: «Біз алғашында массаж жасауға алған кезімізде, тіпті, қолдарында жан болмайтын. Бір қол, бір аяқ, яғни, денесінің сол жағы ешқандай епке келмейтін. Тек қоларбада отыратын. Енді қолымыздан келгенімізді жасап жатырмыз. Массаж 10 күн жасалады, 10 күн демалады. Яғни 1 жыл 2 айдың ішінде біздің Елдос 15 массаж алды. Болашақта бұдан да жақсы нәтижеге жетеміз деген ойдамыз.»

Бүлдіршін тәрбиешілерінің сауалына еркін жауап бере алады
Бүлдіршін тәрбиешілерінің сауалына еркін жауап бере алады

 Айта кету керек, Елдосты мүгедек атандырған жүгенсіз жүргізуші қолға түскен. Бірақ, бүлдіршіннің анасының айтуынша, ешқандай көмек қолын созбапты. Ал анасы 6 мың теңге жәрдемақы дәрі-дәрмек түгілі, жырттыққа жамау болмай отырғанын айтады. Ал 6 жасар бүлдіршін әзірге әр қадамын нық басуға тырысып жүр. Тіпті анасына деген құрмет-махаббатын да білдіруге асығады екен. «Апа, мен сені жақсы көремін» деген жүрекжарды сөзіне біз де куә болып қайттық.

 Бибігүл Мәмбетәлиева, Елдостың анасы: «Осы оңалту орталығына келгелі бері, балам жүріп, әрекет жасап, күле бастады. Оған да Құдайға шүкір. Өзім риза болып жүрмін. Біз алдында мұнда қоларбамен келгенбіз. Енді міне, биыл балам өз аяғымен жүріп жатыр, соған да рахмет!» 

[youtube]http://youtu.be/42JKUgXZysI[/youtube]

Ал «Отырар» телеарнасының ұжымы бүлдіршіннің осы қуанышымен ортақтасу үшін арнайы барып, құттықтады. Елдостың жарық дүниемен қайта қауышқан сәтін де ұмытпайтын ұжым балақайдың өмір сүруіне шын жүрекпен тілектес. Қазір Елдос Рахымжанов облыстық оңалту орталығында ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы біздің жіті назарда болады.