Ауылда маман тапшы

ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды

Күз келіп, жыл аяғы жақындаған сайын қай-қай мекеменің де тыпырлай бастайтыны белгілі. ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды. Мақсат — екі аудан әкімдерінің жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін алу. Яғни, көрші жатқан қос ауданның 9 ай ішінде не істеп, не қойғанын білу.

(Жалғасы. Басы газеттің өткен нөмірінде)

Сарыағаштағы біткенінен бітпегені көп шаруалардың есебін алған Сапарбек Тұяқбаев бастаған нөпір Қазығұрт ауданына да болды.

Аудан әкімі міндетін атқарушы Мамаев Бақтиярдың есебі тыңдалды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жартыжылдықтың қорытындысын алу үшін 19-шілде күні Қазығұртқа келген. Сонда 9 тармақ бойынша 21 тапсырма берсе, қазірге дейін 16-сы орындалып, қалған 5-еуі орындалу үстінде екені айтылды.

Қазығұртта ауылшаруашылығы саласында алға жылжу жоқ. Жыл басында суармалы егістік жердің көлемін 1730 гектарға ұлғайту жөнінде тапсырма берілсе, әзірге соның 50%-ы орындалыпты. Жыл соңына дейін толық орындалады деп уәде берілді. Тамшылатып суару бойынша берілген 1548 гектар жердің 10,6 %- ына аталмыш әдіс ендіріліпті. Қалған 1384,4 гектар жерді жыл соңына дейін ендіру жоспарға қойылған.

Мамаев Бақтиярдың ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндамасынан соң, Сапарбек Тұяқбаев: «Ауылшаруашылығында белсенділік төмендеп бара жатыр. Қазығұрт экономикасының негізгі көзі — ауылшаруашылығында. Аудан көлемінде ешқандай жобалар ұсынылып жатқан жоқ. Кінәнің кімнен екенін анықтау қажет. Өйткені, басқа аудандарда жоба келіп жатыр. Беретін ақша жоқ. Ал, сіздер алдарыңызға кеп тұрған ақшаны игере алмай жатырсыздар» деп бір тоқтады.

Сондай-ақ, ауданға келген инвесторлардың «жер жоқ» деп кері қайтатынын да алға тартты. Бос жатқан жердің конкурсқа шығарылуын, игерілуін міндеттеді.

Қазығұрттың да статистикасы өзімен көршілес жатқан Сарыағаштың кебін киген. Мұнда да инвестиция ретінде құйылған қаражаттың жай-күйі не боп жатқаны белгісіз. Ай сайын есеп тапсыру деген жоқтың қасы.

Қазығұрттағы әкімшілік аппараттарында 50 маманға жұмыс бар. 74 ваканттық орын болған екен, қазірге дейін 34-іне адам табылыпты. Қалғаны бос тұр. Заңгер мен есепші жетіспейді. «Жұмысқа орналасамын» деп келгендері сынақтан өтпей қала береді екен.

Екі ауданға да қатысты бір жәйт айтылды. Ол – әр ауылда шағын несие ұйымдарын құру. Жалпы бұл бастаманың қозғалып келе жатқаны бұл бір емес. Қай-қай ауданға тиісті ұсыныс. Ауыл әкімдерінің тағайындалғанына көп уақыт өте қоймады. Бірақ, сол уақыт аралығынан бері ауылдың алдағы даму жоспарын ұсынатын уақыт та жетті. Әзірге ауыл әкімдері тарапынан әрекет байқалмайды. Бұлай жалғаса бермейтіні, әр нәрсенің де сұрауы болатыны ескертілді.

Сонымен, күздің кемпіршуағы өз жылуын түгесілген шақта 9 айдың есебін алу науқаны басталды. Аудан-аудандардың әкімдерінен «орындалу үстінде, жасалады, бітеді» деген сөздермен аяқталатын жауаптар да ағылып жатыр. Бұл сөздердің растығын уақыт көрсетеді. Қыс таяп қалды. Жылдық есепті тапсыратын күн де алыс емес. Күтеміз.

Жәнібек НҰРЫШ