«Сұмдық-ай!» дегім келіп тұр. Алайда, мына сұмдыққа бұл сөздің ауқымы тарлық етпек. Киемізден жерініп, қасиетімізден безініп әлі болмаппыз! Кезек бесікке де жеткені ме?!
Бүгін таңертеңгісін кіші ұлымызды балабақшаға апара жатып, (Шымкент қаласы) «Күншығыс» шағынауданындағы қоқысханадан мына көріністі көріп төбе шашым тік тұрды. Жә, «қаланың үйі-құстың ұясындай-тап-тар» дегіңіз келе ме? » Симаған соң шығарып тастаған да» деп ақтамақшысыз ба?
Сенбеймін!
Кие тұтқан бесік сиятын орын табылмаса ол үйдің несі үй?!
«Ұл-қызы есейіп кеткен соң, қайтеді енді…» бұл да ақтап алар уәж емес. Бұл ұлт боп ұйысуға емес, іріп-шіріп ыдырап кетуге жасалған қадам. Ескірсе де бесік әр шаңырақтың төрінде тұруы керек. Ол кие! Ол ұрпақ өргізуге деген ниетті түзетіп тұратын тұмар!
Сандырақ ой сананы он айналып, «байғұстың бір қайғысы бар болар. Қажетсінбеген соң, қайғыны ұмытып, қан жұтпаудың амалы осы дегені шығар» деп сыбырлап әуреге түсті. Ол да өтірік! Иланбаймын! Иманды адам шайтанға айналмауы қажет. Үмітіңді үздің екен -шайтаннан нең артық?!
Сыртындағы жабуы көнерсе де ағаш бесік көздің жауын алып қоқыста жатыр. (Сынып қалса да бесік қоқысқа тасталатын зат па?)
Сұмдық! Сұмдық-ай!
Осыған қалай ғана бардық?!
«Күншығыста» тұратын әр есікті қағып шыққың келеді-ай! Ботадай боздатып ұрпақ сабақтастығын осылайша үздік те тастадық.
Тым болмаса сол «Күншығыс» шағынауданында «Бөбекжай» барын тұрғындар білмейді дей алмаймын. Онда жарық дүниеге келе салысымен ата-анасына керексіз болған періштелер тұрады. Олар бесікке зәру. Олар туғанда нағыш жұрт оларға бесік әкелмеген. Ұлттық рухқа мұқтаж. Таза бесікте тербеліп, тәтті ән тыңдап, аялы алақанның жылуын сезінуге зар. Қоқысқа тастағанша, сонда апарсашы…
Қайбір жылы көрші келіншек «педиаторымыз баланы бесікке бөлеген дұрыс емес. Зияны көп денсаулыққа» деп айтты дегенде таң қалып едім. Бүгінгінің дәрігерін осылай оқытса, бесікті қоқысқа тастайтын адамды көз көрсе, «лажы болғанша баланы үйлі, көлікті болып алған соң туған дұрыс қой, жағдай жасап алу керек алдымен» деген пікірмен жастар жетіліп келе жатса… ЖЕТІСКЕН ЕКЕНБІЗ!
Қап-ай, ә?! Мына бесік кімдікі болды екен? Балақай, бесіктен белің шыққан соң, абайлашы. Киеңнен айрылып, қасиетіңнен ажырап қалмағайсың. Көзіңнің қарашығыңдай сақтауға тырыс. Әйтпесе ұлттық құндылығын қоқыстан бірақ шығады.
Ой, пендешілік-ай! Қиял-арман санамда «Шымкенттен алтын құрсақты аналарға арналып ескерткіш қойылса, «Аналар аллеясы» ашылса» деп лағып жүр екен ғой! «Ең сұлу әйел — екіқабат әйел» дейміз езеуреп! Жасап жатқан ісіміз мынау!
Қазақтың салтында бесікті жиеніне құтты болсын айтып, нағышы жұрт әкелетіні белгілі. Олай болса қоқысқа тасталған бесіктің иесі-НАҒАШЫЛАР! Керексіз заттай етіп бесікті қоқысқа тастаған қыздың үйдегі тәрбиесі нешік болғаны айтпаса да түсінікті.
Аналар! Қызға, келінге мына суретті көрсетсеңіз екен. Шымырлап, денесі түршігіп, бойын тіктесін. Санасы оянсын! Басқа айтарым жоқ! Есі кірсін!