39 жастағы Ілиястың қоларбаға таңылғанына үш жыл болған. Содан бері барынан айрылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылыпты. Құрылыста жүріп, жазым болған жігіт өз еркімен жүріп-тұрмақ түгілі, қолымен қасық та көтере алмайды. Қазіргі күтушісі — жетпісті алқымдаған жалғыз анасы ғана.
Айткүл Мырзалиева, Ілиястың анасы: «Ілиясқа қарайтын адам жоқ. Менің жасым 70-ке келді. Балама былай-былай қозғалу керек. Ал оның аяқ-қолы істемейді. Сондай қиыншылықта отырмын. Жұрт бала-шағасынан рахат көреді. Мен қартайғанда тозақта отырмын.»
Ілияс — бірінші топтың мүгедегі. Шымкент қаласында тіркеуде тұрады. Бесінші емхананың емделушісі. Алайда, тұрмыс тауқыметімен қала іргесіндегі Шұбарсу ауылына қоныс тепкен. Бұл елдімекенде заңды түрде тіркеуге тұрмағандықтан, қиналған кезінде алғашқы жедел жәрдем де көрсетілмейді. Оның ендігі арманы — анасына салмақ болмай, мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік күтуші берілсе дейді.
Ілияс Жанәбілов: «Үш үлкен пролижім бар. Ол бір күн жасалса, бір күн жасалмайды. Жалғыз шешем бір өзі аударып, жарамды таңа алмайды. Мұндағы медбикелеріне «укол салып берші» десем, бұлар да көмек бермейді. «Қаладағы тіркеуден шығып кел» дейді, ал мен қаладан шыққым келмейді. Темірланға сенбеймін.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0TzEfeh1fsI[/youtube]
Ал жауапты мамандар Ілиясқа мемлекеттен қажетті көмектің барлығы көрсетіледі, осы уақытқа дейін қажетті құралдармен қамтылып жүр дейді.
Майра Қадырбаева, қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі: «Міндетті гигиеналық құралдар алады. Несіп қабылдағыш алады. Сонымен қатар қоларба да алған. Мемлекет тарапына керекті заттардың бәрін алады.»
Ал мүгедек жанның жалғыз арманын орындау, яғни әлеуметтік қызмет көрсету тек тұрғылықты тіркелген жерінде ғана жүргізіледі.
Сапарғали Ахылбеков, Шымкент қалалық үйде әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік мекемесінің бастығы: «Мұндай жағдайда не қалаға келіп тұру керек, не болмаса тіркелуін Ордабасы ауданына ауыстыруы қажет. Сонда ғана жергілікті атқарушы органның шешімімен және уәкілетті органның жолдамасымен ол кісіге әлеуметтік көмек көрсетуге болады.»