Халық бала сияқты.
Сенгіш.
Сенгіш болған соң ба, халықты алдайтындар көп. Арбаушыдай алдаған соң сенеміз.
Алдағаны сол, «Оңтүстікте барлық ауыл таза ауызсумен қамтылды» дегелі де біраз болды. Бірақ, таза суға зар болып отырғандар әлі бар екен. Оған кешегі аптада Парламент депутаты Ұласбек Сәдібековтың Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрi Н.Қаппаровқа жолдаған мына сұрағы дәлел бола алады. Депутат бүй дейді: «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының Құркелес және Жартытөбе елді-мекендеріне осы уақытқа дейін таза ауызсу таратқыштары тартылмаған. Бұл мәселе қашан шешімін табады?». Яғни елдегі ағайын әлі таза суға қол жеткізе алмай отыр екен дә? Онда неге бізді «Таза ауызсумен 100 %-ға қамтыдық» дейді? Алдай ма? Жә, айтпағымыз бұл да емес.
Айтайын дегеніміз…
Бізді соңғы кезде сендірген жәйт-ауыл әкімдерін сайлау болды. «Сайланған әкім елдің алдында жауапты болады. Сайламалы түрде орынтаққа отырған соң жемқорлықтан ада болады» деді. Сендік. Бастапқыда тіпті «өзіміз сайлайды екенбіз ғой…» деп дәметіп те қалдық. Сосын, «түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаған өзіміз-халық қой. Олар халықтың өкілі. Халықтың атынан ауыл әкімін сайлауға құқықтары бар» десті. Оған да сендік.
Сенбегенде қайда барамыз? Сөйтсее-е-е-ек, біз сені-і-і-іп отырғанда бізді тағы да алдапты ғой! Қалай дейсіз бе? Кәдімгідей. «Алмайды, жемейді, оларда ауыз жоқ» деген ауыл әкімінде де тіпті одан зорында да «ауыз» бар екен. Ауыз болған соң жейді екен. Жегенде миллиондап тығып, құнығып кететін көрінеді.
Ал енді не болды? Сайланғаны да, сайланбағаны да жеп жатыр. «Біз сайлаған әкімнің мұндай екенін білмеппіз» деп тым болмаса «дауыс» берген депутаттар ақталып та әуре болмады ғой. Депутаттың да жағдайы белгілі болды десеңші?! Сайлауға дейінгі уәдесін жұтып жібергені сияқты, ауыл әкімін халықтың атынан «сайлап» берді де, тайды. Ал сол әкім пара алып жатқанда оны сайлаған депутаттың ешқайсысы не араша түспеді, не «әй, иттің баласы-ай, мені масқара еттің ғой» дегені жоқ.
«Бірің кетіп, бірің қал» деп бала көңіл халық тағы да екі ортада сорлады. Өйткені оның көңілі биліктен әбден қалған. Алдана, алдана болған. Шаршап та кетті ғой. Мына қоғамның қу түлкілерін тазы болып қуып көрсе де, ұстатар емес.
Алайда, тірі жанбыз ғой. Жемқорлардың жемсауына түскен ақшадан жерітетін айланы біз де ойлап тапқандаймыз. Үйіне пара әкелетін әкім-қаралардың дастарханынан дәм тататын туыс, ағайын жиіркенгені ләзім. Арам астан қалай жиіркенсеңіз, парамен күн көретін шенеуніктің дастарханынан дәм татудан дәл солай жиіркеніңіз. Сіз білесіз ғой, қай шенеуніктің пара алғыш екенін. Олай болса оның үйінен дәм татпаңыз! Өткен жолы газетімізде «жемқорлар тозақ отына күйеді» дегенбіз. Жемқорлықпен бұл жолы осылай да күресіп көрейік, не шығар екен.
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ