«Бізге білікті педиатрлар жетіспейді»

Біздің емханаға тұрғылықты мекенжайы бойынша 15 жасқа дейінгі 20 780 бала тіркелген

Баланың туылғаннан бастап есейгеніне дейін физикалық және психикалық дамуын бақылап, өз жасына сәйкестігін қадағалап, түрлі аурулардың алдын алып емдейтін педиатрдың орны өзге дәрігерден бір бөлек. Осы ретте Шымкент қалалық №2 балалар емханасына ат басын бұрып, педиатр мамандығының қыр-сырына қанығу үшін бөлім меңгерушісі Мәнсия Кабулованы әңгімеге тартқан едік.

Шымкент қалалық №2 балалар емханасына бөлім меңгерушісі Мәнсия Кабулова
Шымкент қалалық №2 балалар емханасына бөлім меңгерушісі Мәнсия Кабулова

– Мәнсия Сәрсенбайқызы, баланың дені сау болып өсуі үшін не істеу қажет, сәбиге қалай қараған жөн?

– Біздің емханаға тұрғылықты мекенжайы бойынша 15 жасқа дейінгі 20 780 бала тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа толмаған нәресте саны – 1706.

Бала денсаулығы үшін ең маңыздысы – ана сүті екенін естен шығармағаны абзал. Екіншіден, сәбиге күтім қажет. Егер баланың күтімі жоқ болса, содан баланың барлық ауру-сырқауы басталады. Үшіншіден, міндетті түрде екпелер жасату қажет.

– Бала үшін ең маңыздысы ана сүті дедіңіз. Алайда, қазір аналар балаларға қосымша тағамдар беруді әдетке айналдырған. Педиатр ретінде сіз не айтасыз? 

– Біздің емхана емшекпен қоректендірудің 10 қағидасын ұстанады. Яғни, сәбиді 6 айға дейін тек ана сүтімен қоректендіруді насихаттаймыз. Сондай-ақ, біздің педиатр-дәрігерлеріміз анаға баланы кеу-деге дұрыс қою, емізу ұзақтығы мен жиілігі, сәби терісін дұрыс күту сияқты мәселелер бойынша кеңес береді. Негізінде баланы 2 жасқа дейін емшек сүтімен қоректендірген дұрыс. Ана сүті – бұл тек тамақ емес, сонымен қатар, иммундық қорғаныс және эмоциялық қарым-қатынас. Егер бала жеткілікті салмақ қосып жатса, жақсы еметін болса, бала тояды. Ана сүтінің жеткіліктілігі бала салмағы мен бойының өсуіне және жасы бойынша даму сәйкестігіне оң септігін тигізеді. Ал қосымша тамақ ретінде көкөніс және жеміс езбелері, жемістер, ботқа және ет берген жөн. Баланың өзі тамақтануына көмектесіңіз. Сонымен қатар, баламен көп сөйлесуіңіз керек, заттарды, адамдарды және жануарларды көрсетіп, атын атап, кітап оқып беріңіз. Баланың көңіл-күйі сізге байланысты. Бала басқа себептермен мазасыздануы мүмкін, олар дәрігер қарауында анықталады.

41-006

– Екпеге байланысты халық арасында түрлі көзқарастар бар. Негізінде кішкентай нәрестеге екпе жасау зиян ба?

– Нәресте дүниеге келгенде түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпелер жасалынады. Мысалы, дифтерия. Дифтерия – тамақ, жұтқыншақ ауруы. АДС деген вакцина бар. Егер сол жасалмаған болса, баланың не үлкен адамның тамағына жұқа пленка түседі де, сол оны тұншықтырып өлтіреді. Бұл айтылған бір ғана мысал. Ал мұндай аурулардың көп екенін естен шығармаған жөн. Ендеше, ата-аналар осыны ескерсе екен деймін.

– Жас аналар бала денсаулығына қатысты көбіне қандай қателіктер жібереді? 

– Бүгінде аналар жұмысбастылықпен жүріп, перзенттерін үйде қараусыз қалдырып жатады. Сол кезде бала күйіп қалады, үйдегі басқа кішкентай балалармен қосылып бұзықтық жасайды, бір-бірінің көзін шұқып, басын жарады. Мұрын, құлағына моншақ, тас тығатындар да бар. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

– Соңғы жылдары педиатриялық қызметте қандай өзгерістер бар?

– Бүгінде біздің салада ілгерілеушілік бар. Тиімді перинаталдық технологиялардың ендірілуімен ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы мамандардың көпшілігі шетелдерде оқып, білімдерін жетілдіруде. Инфрақұрылымдық қайта құру іске асырылып, заманауи құрал-жабдықтар пайда болды.

– Қазіргі таңда педиатрлардың алдында қандай проблемалар тұр?

– Педиатриялық қызметтің жетістіктері көп, бірақ проблемалар да жоқ емес. Балалар неврологтары, пульмонологтар, неонатологтар, ультрадыбыстық диагностика бойынша мамандар және педиатрлар жетіспейді.

– Қазіргі кезде балалар арасында кең таралған қандай аурулар бар, оның себебі неде?

– Негізінен балалар арасында ең көп таралатын ауруларды жаз және қыс маусымы деп екіге бөліп қарастырамыз. Осы екі маусымда екі түрлі аурулар көбейеді. Мәселен, қыс мезгілінде, балалардың тыныс жолдары аурулары асқынып, бронх-өкпе жүйесінің аурулары көбейеді. Ол түшкіруден басталып, дене қызуы көтеріліп, соңы өкпе қабынуына әкеп соғады. Ал жаз маусымында жедел ішек инфекциясы басталады. Балаларды білесіз ғой, аузына әр нәрселерді салады. Дүниені енді танып келе жатқан бала жазғы уақытта көбейіп кететін жеміс-жидектерден бастап, тас, құмырсқаға дейін аузына салып көріп жатады. Соның бәрі ішек инфекциясына әкеліп соғады. Сол кезде құсу, іш өтуден басталған аурудың соңы баладан айырылып қалатын кездерге дейін жеткізіп жатады. Оның бәрін алдын-алу үшін ата-аналарды ескертіп, балабақшаларға арнайы барып профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.

Біздің емханаға тұрғылықты мекенжайы бойынша 15 жасқа дейінгі 20 780 бала тіркелген
Біздің емханаға тұрғылықты мекенжайы бойынша 15 жасқа дейінгі 20 780 бала тіркелген

– Бала денсаулығы бойынша Сізді ең бірінші алаңдататын не нәрсе, бұл орайда ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Балалар сырқатының негізгі факторы – нашар тамақтану. Жиі ауыратын сәбилерде дұрыс тамақтанбау дерегі жиі байқалады. Қайталап емдеуге жатқызу жағдайларын зерделеу барысында ата-аналардың тамақтың сапасы, тамақтандырудың уақыты, мерзімі және түрлері туралы хабардарлығы жеткіліксіз болып келеді. Мені балалар дәрігері ретінде бүгінгі күні осы мәселе алаңдатады. Емханадағы педиатрдың алдына келетін 6 айдан 1,5 жасқа дейінгі әрбір екінші балада тағам жеткіліксіздігі, гемоглобиннің төмендігі, Д витаминінің аздығы, экссудативті- катаральдық диатез байқалады. Біз өз тәжірибемізде аналардың баласын тамақпен қамтамасыз етуде отбасының бюджетін орынсыз шығындайтынын жиі кездестіреміз. Тамақтану проблемасы бойынша аналарға кеңес беру кезінде, біз, отбасында қаражаттың жетіспейтінін, тек баланың әкесі ғана жұмыс істейтінін, бала жиі ауыратындықтан ақшаның көбісі дәрі-дәрмекке жұмсалатынын білеміз. Солай бола тұра анасы памперске (күніне 200 теңгеден бір айда 6000 мың теңге), тетрапакеттердегі шырындарға, өнеркәсіпте өндірілетін шайларға, тәттілерге қашанда қаражат табады. Ата-аналар көбінесе балаларға керексіз тәттілерді, сусындарды сатып алып береді, оның орнына бұл ақшаны басқа арзандау, бірақ қажетті тамақ өнімдеріне жұмсауына болады. Егер бір жасқа дейінгі баланың тамағы мен күтімі жақсы болса, дені сау болып өседі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ