Алтын құрсақты аналар мен өңіріміздегі 100 үздік мұғалім және 100 білікті дәрігер бүгін керемет ән кешіне куә болды. Қала күніне орай Оңтүстік циркте ұйымдастырылған концерте елге белгілі әншілер өнер көрсетті. Әсіресе, Дос-Мұқасан ансамблі ортаға шығып, ән салған сәтте барша қауым орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Қала әкімдігінің атынан тегін ұйымдастырылған кеште осылайша аналардың көңілі бір көтеріліп қалды.
Аманкүл Исақұлқызы, көпбалалы ана: «Аналарды ардақтап, шақырған азаматтарға көп рахмет! Өзіміз сияқты замандастарымызды көріп жатырмыз. Бір жасап қалдық. Оның үстіне Дос-Мұқасан тобы арнайы қала күнімен құттықтай келіпті. Ол да біздің кезімізде жанып тұрған топ еді. Шыны керек, өте риза болып отырмын!»