индустриалды аймақ

Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші «бесжылдығы» оң нәтиже берді дегенімен осы саланы сынап алды. Жұртшылыққа жария салып ашқан жобалар, жарты белде тоқтап қалып, бәсекеге қабілетсіздігін танытып жатқанын тілге тиек етті. Осы орайда, елімізде бірінші болып, индустриялық аймақты құрған оңтүстіктің бүгінгі экономикалық барысын саралағанды жөн көрдік.

 

индустриалды аймақ
индустриалды аймақ

 Индустрияландыру – жалпы Үкіметтің және барлық әкімдердің жұмысы екенін Елбасы қадап айтты. Жаңа кәсіпорындарда өнімдерін өкізу, шикізат жеткізу, кадрлармен қамтамасыз ету сияқты проблемалар бар екеніне назар аударған назарбаев мемлекеттік қолдауды қажет ететін жобаларға талдау жасап, бірқатар олқылықтарға тоқталды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасының жұмысы отандық мақта экспортқа шығарылып жатқанда тоқтап тұрғанын тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Жоғары нәтижелі, инновациялық кәсіпорындар салу керек. Міне, осы бағыт бойынша Үкімет жұмыла жұмыс істеу керек. Біреулер индустрияландыру Исекешовтың ғана жұмысы деп ойлап қалды-ау деймін. Жоқ, бұл жалпы Үкіметтің және ауыл әкімдерімен қоса барлық әкімдердің жұмысы. Жылдың ортасында қорытынды жасауды талап етуді қойып едім, бірден белсенділіктерің бәсеңдеп қалды. Естеріңде болсын – талап қатаң болады!».

Елбасыдан сүйінші сұрай ашылған, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзеге асқан алғашқы табысты жобалардың бірі – «Oxy Textile» серіктестігі. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикізатты өңдеуге бағытталады деген болатын. Көп ұзамай, жоба аяқсыз қалды. Бұған Түркістан қаласындағы жұмысы жанданбай тұрған медициналық мақта шығаратын жалғыз зауытты тағы қосыңыз. Ақ алтынның таза сортынан 40 тоннаға дейін тоқылмаған мата мен 6 тоннадай косметикалық мақсаттағы мақта орамаларын шығара алатын зауыттың бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алу қаупі бар.

жаңа жоба жүзеге асып жатыр
жаңа жоба жүзеге асып жатыр

«Оңтүстік» индустриялдық аймағындағы зауыттар тоқтап тұр деген қауесетті, басшылығы ресми түрде жоққа шығарды. Мұндағы 57 жоба индустрияландыру картасы аясында жүзеге асып, бес мыңнан аса азаматты жұмыспен қамтыған.

Ерғали Мамбетов, «Оңтүстік» индустриялық аймағы дирекциясының директоры: «Тоқтап тұрған деген осы индустриялық аймақ құрылмай тұрып, жеке кәсіпкерлердің жер телімі болған, өндірісі болған, мүмкін солар шығар.57 жобаның жұмысы тоқтап тұрған деген сөз-оны растамаймыз. Бәрі іске асырылуда график бойынша».

Мемлекеттік бағдарлама аясында аяққа тұрып, артынша жоқ болып кететін кәсіпорындарды салтанатты түрде ашудың қажеті шамалы. Қандай да бір жобаны қолдап, қаржы бөлуден бұрын, жоспарын нақтылап алған жөн сияқты.