Кәсіпкерлерді қолдауда түлкібастықтар озып тұр

Серік Махашов
Серік Махашов
Серік Махашов

Темір ұстасы Серік Махашов 15 жылдан бері дәнеркерлеудің сан түрлі тәсілін кәсіп етіп жүр. Ол бұл істі елде тоқырау кезінде микрокредиттік мекемелерден 30-40 пайызбен несие ала жүріп бастаған. Осы кезде түлкібастық темір ұстасына аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары кездейсоқ жолығып қалады. Кәсіпкерді қолдауға арналған ұсыныстар Серік Махашовтың көңілінен шығып, екі жақты келісім жасалыпты.

Серік Махашов, кәсіпкер: «Жұмысты аудан орталығында ашу өте қиын болды. Өйткені, оның себептері өте көп. Ең бірінші, бұл жерде ақша алу жағы өте қиын болды және орталықтан көмек алу жағы да нашар еді. Сонда да қандай жағдай болса да мойымай, үйдегі заттарды сатып, осы істі жолға қоюды бастадық. Қазір міне аудандық КҚКО-ның қызметкерлері аз пайызбен несие алуда көмек беріп жатыр. Бұл кісілер алғашқы 3 млн. теңгені шығарып берген кезде жұмысты әрі қарай жылжытуға мүмкіндік болды. Ақшаны алты ғана пайызбен несиеге алдым. Үнемі 30-40 процентпен жұмыс істеп жүрген кәсіпкерге бұл пайыз тіпті көрінбейді де».

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылған бір жылда 18 мыңға жуық бизнесмен орталықтан қолдау тапқан. Соның ішінде Түлкібас ауданы нәтижелі жұмыс жөнінен көш бастап тұр. Десе де, аудандық филиалда кездесетін қиындықтар да бар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=oHLIKU1f7Mk[/youtube]

Мұрат Ергебеков, Түлкібас аудандық КҚКО меңгерушісі: «Бізге кейбір ірі кәсіпкерлер келеді. Банкке барған кезде біздің ауылдағы кепілдік затын алмайды. Алған жағдайда да арзан бағалап, мардымсыз ақша береді. Осы мәселе күрделі болып тұр. Жергілікті халық жұмыс істегісі келеді. Бірақ сұраған сомасын бермейді».

Ауданда жыл басынан бері 180 кәсіпкер тегін оқытылған. Соның ішінде 130 адам жалпы сомасы 320 млн. теңгенің несиесін алып үлгеріпті.