Көгілдір отынға қатысты мәселе көбейген

"Қатын көпір" елдімекенінің тұрғындары Жаңыл Анарбаева мен Тастангүл Ерназарова

«Мәселені шешеміз!» «Нұр Отан» партиясының өкілдері кезекті қоғамдық қабылдаудың бірін коммуналдық мәселелерге арнап, осындай уәде берді. Әдетте ауызсу, электр жарығы бойынша шағымданатын шымкенттіктер бұл жолы табиғи газға қатысты өкпе-назды көп айтты.

"Қатын көпір" елдімекенінің тұрғындары Жаңыл Анарбаева мен Тастангүл Ерназарова
«Қатын көпір» елдімекенінің тұрғындары Жаңыл Анарбаева мен Тастангүл Ерназарова

Қоғамдық қабылдауға «Қатын көпір» шағынауданынан келген қос ананың мәселесі бір (суретте). Олар осындағы Дулатов көшесіне биліктің назары аумай-ақ қойды деп налиды. Базынасы — көше бойындағы үйлерді көгілдір отынмен қамту. Ал қағаздағы мәлімет бойынша бүкіл Қатын көпірге газ баяғыда-ақ жеткен. Тек аталған көшеге ғана жетпей-ақ жатса керек.

Кейуаналардың шенділердің есігін тоздырып жүргеніне 2 жылға таяпты. Өкінішке орай, апалардың «екі қолды жылы суға малып отырам» деген арманы биыл да жүзеге аспайтын болды. Өйткені, 2013 жылы да аталмыш Дулатов көшесі тасада қалып, ұмыт болыпты.

Коммуналдық тақырыпта өткізілген қоғамдық қабылдауға 20 арызданушы келсе, соның жартысынан көбі көгілдір отын мәселесімен жүр. Байқасақ, көшеге асфальт төсеу тақырыбы да өзекті бола бастапты. Бұған қарап, өңірде ауызсу мен жарыққа қатысты проблемалар азайды деген ой түйдік. Жауаптылар барлық арызданушының шағымын тыңдап, кейбірін сол мезетте ақ шешіп тастады. Ал біразына мәселесінің шешімі болашақтың еншісіндегі іс екенін түсіндіріп бақты.