Бәйдібек ауданындағы елді мекендер аралығын жалғайтын жолдардан бөлек, аудан орталығы Шаян ауылының ішіндегі бірнеше жолға асфальт төселіп, көшелер көріктеніп келеді. Жол салынумен қатар, көпірлер де назардан тыс қалмады.
Биыл 6 ауылда (Шақпақ көпір құрылысына — 22 289 849 теңге бөлінген, Шаян — 40 млн 880 мың теңге, Ынтымақ 9 672 300 теңге, Ақбастау — 12 943 260 теңге, Боралдай — 76 млн 160 мың теңге және Шалдар — 8 125 919 теңге) 6 көпір орташа жөндеуден өткізілген. Бұлардың 5-еуі облыстық маңызы бар жолдарда орналасқанын айта кеткен жөн. Шаян, Боралдай ауылындағы көпірлердің құрылысын «ЖБИ-С» ЖШС, ал қалған Шақпақ, Шалдар, Ынтымақ, Ақбастау ауылдарындағы көпірді «Таған» ЖШС жүргізді.
Алдыңғы кезде Шаян өзеніндегі көпірдің үстінде жырықтар пайда болып, астыңғы бағаналары мүжіліп, шетіндегі цемент плиталары жауын-шашынның салдарынан зақымдала бастаған еді. Енді бәрі артта қалды. Қазір талапқа сай жөнделіп, шетіне жаяу жүргіншілерге арнап өткел де жасалды. Темір қоршауы биіктетіліп, плиталары ауыстырылып, жолы тегістеліп, ескі қоршаулары қайтадан жаңартылды. Жоғарыда аталған көпірлердің барлығы осылай талапқа сай істелінген. Бірақ, «Бала бөген» өзеніндегі көпірдің жаңа төселген асфальттың ескі жолмен жалғасқан жері дөңкиіп қалды десті жұрт. Мұнан соң біз осы көпірді салған «Таған» ЖШС-нің өкілі Қанат Мамытбаевпен жолығып, жауабын тыңдаған едік.
— Көпірде ешқандай кінәрәт жоқ. Арнайы комиссия келіп, қабылдап алды. Жаңа төселген жолдың ескі жолмен жалғасқан жері де тура келтірілген. Бірақ ескі жолдың төмен түсуіне байланысты жаңа жолдың шеті төмпешік секілді көрінуде, — дейді ол.
Біз «алақандай 2 метр жерге асфальт төсей салуға болмас па еді?» деген сұрағымызға мердігерден «біз тек сметалық құжатта көрсетілген жұмысты атқаруға тиіспіз, қалғанына рұқсат жоқ» деген жауап алдық.
Дегенмен қазір бұл көпірдің шетіндегі ескі жолдың төмен түскен жері ретке келтірілді. Енді көлік жүргізушілер кедергісіз өтетін болады.
Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ