Кентау жақсарып келеді

931

Кен орындары, шахталарымен республикаға танымал Кентау қаласы бүгінде біршама қиындықтарды бастан кешуде. Алайда Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде шаһар біртіндеп болса да дамып келеді. Республикалық бюджеттен үш жылға бөлінген 4 миллиард 223 миллион теңге кешенді жоспарды жүзеге асыруға жұмсалмақ.

Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: «Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс әкімдігі мен Үкіметтің басты назарында тұр. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен  қарастырылған 2 миллиард 523 миллион теңгеге білім беру мекемелері салынды. Ал Ромах атындағы 1200 орындық мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. Қарнақ ауылында 300 балаға шақталған жаңа мектеп және балабақша бой көтермек. Қантағы елдімекенінде де 140 орындық балабақша пайдалануға берілмек.»

Кентаулықтардың денсаулығына зиянын келтіріп жатқан өндіріс қалдықтары полигонын рекультивациялауға облыстық бюджеттен 72 миллион теңге бөлініпті. Алдағы уақытта ол алқапты топырақпен жабу жұмыстары жүргізілмек. Жерасты суларын да сорғыштармен шығару жұмысы қолға алынған. Суды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар мен зерттеу нәтижелері Үкімет қарауына жіберілген.

Қала әкімі Бақытбек Байсалов Кентауды дамытуға кәсіпкерлерді шақырады
Қала әкімі Бақытбек Байсалов

Жоғарыда қолдау тапса, онда ауызсу және суармалы сумен Кентау ғана емес, Түркістан қалалары да қамтылатын болады дейді әкім. Жерасты сулары деңгейінің жоғарылауы салдарынан бірқатар үйлер апаттың алдында тұр. Оларды бұзып, тұрғындарын өзге жерге көшіру бойынша да құжаттар әзірленіп жатыр. Шаһардағы ең өзекті мәселелердің бірі — жылу маусымына дайындық биыл өз деңгейінде жүргізілді деп сендірді Бақытбек Байсалов.

Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: «Қала жылу маусымына толық дайын. Жылу орталығында 494 тонна мазут дайындалған. Облыс бюджетінен бөлінген 148 миллион теңгеге 24 мың тонна көмір сатып алынды. Осы айдың соңына дейін ол отын толық тасымалданып болады. Алдағы жылу беру маусымында жылу орталығы 324 көпқабатты үйді, 41 білім мекемесі мен 14 медицина нысандарын және 1708 жеке үйді жылумен қамтымақ.»

Кентауда сығымдау жұмыстары аяқталған. 2013-2014 жылдардағы жылу беру маусымына Кентаудың дайындығын көру үшін әкім бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шаһарға шақырды.