Оңтүстікте Ұлы Отан соғысында атылған қару табылды. Ұзақ уақыт жатқан автомат әлі де атуға жарамды. Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншыларына қарсы оқ атылған пулеметтің иесі — 63 жастағы Кентаулық зейнеткер. Айтуынша, бұл қару оның әкесінен қалыпты.
Полиция қызметкерінің өзі қолына алғаш рет ұстап тұрған бұл қару — ППС-43 пистолет-пулеметі. Оны Екінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған сонау 1942 жылы Кеңес конструкторы Алексей Судаев құрастырған. Ұлы Отан соғысының ең үздік қаруы саналған дүние 70 жылға жуық уақыт кентаулық Қалдыкөз Ақылбековтың сарайында сақталыпты. Қасында 361 дана оғы да бар.
Қалдыкөз Ақылбеков, Кентау қаласының тұрғыны: «Әкем соғысқа қатысқан. Бала кезімде бір айтқаны бар еді, «осы автоматты бір күндері тауып аларсың» деп. Оны іздеуге шама болмады, үйлендік, балалы-шағалы болдық. Кейін әкем де, шешем де қайтыс болды. Енді, міне, жақында жаңа үй салам деп ескі үйді бұзып жатқанда осы автомат шықты.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=yOpkcBbwyfI[/youtube]
Көне қаруды тапсырған 63 жастағы қарияның айтуынша, автоматты әкесі соғыстан алып келген. Жетпіс жылдан астам шаң-тозаң арасында жатқанына қарамастан, қару әлі де атуға жарамды. Оған полиция қызметкерлерінің өзі көз жеткізген.
Нұржан Дәулетов, Кентау қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары: «361 оқтың барлығы жарамды күйінде, атысқа дайын. Иесі ерікті түрде тапсырды. Өздеріңіз көргендей, оқшантайына 35 оқ салынады. Қару істеп тұр, жақсы сақталған.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=8RjHJUhzjdQ[/youtube]
Қазір тәртіп сақшылары көне қаруды баллистикалық сараптамадан өткізіп жатыр. Ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екені анықталса, иесіне өтемақы төленеді. Айта кету керек, Оңтүстікте тұрғындардан қару қабылдау акциясы 31-қазанға дейін созылған.