Байқау жеңімпаздары марапатталды

Оңтүстікте алғаш рет 6 жастан 45-ке дейінгі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқау өтті. Сайыс 9 аталым бойынша ұйымдастырылған. «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауының өтуіне облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйытқы болды. Айта кетейік, доданы өткізу үшін облыстық бюджеттен 1,8 миллион теңге қаржы бөлінген.

Мақсат Сәрсембаев "Мақсат" жобасын жүзеге асырмақ
Мақсат Сәрсембаев «Мақсат» жобасын жүзеге асырмақ

Мақсат Сәрсембаев — «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауының үміткері. 25 жастағы жігіт осы додаға 2 ай бойы дайындалыпты. Алдымен Сайрам ауданында жеңіске жеткен өнерпаз облыстық байқауда бағын сынады. Үміткер сайысқа әлеуметтік жобасын ұсынды. Жобасы қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеп қана қоймай, арбаға таңылғандардың арманын жүзеге асыратынына сенеді.

Мақсат Сәрсембаев, үміткер: «Қобалжу сезімдері бар, бірақ жеңуге тырысып отырмын. Уайымдағаным соншалықты, қолдарым дірілдеп жатыр. Ал менің әлеуметтік жобам «Мақсат» деп аталады. Қалай болғанда да адам өзінің көздеген мақсатына жетуі керек деп ойлаймын. Менің жобамның ерекшелігі — тек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Арбаға таңылғандардың да қолынан көп нәрсе келеді. Қолөнер бұйымдарын шебер жасай алады. Міне, осы бір қызмет түрін таңдап, халықтың қажеттілігіне жарайтын дүниелерді жасауға үйретеді. Ең бастысы мүгедек жандар үйінде қол қусырып жатып қалмауы керек. Жобамның жүзеге асуы үшін шамамен 1 миллион теңгедей қаржы қажет.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=79EZxkrvoUs[/youtube]

Айтулы байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сайысқа Оңтүстік бойынша 400-ден астам адам қатысуға ниет білдіріп, оның 114-і ақтық сайысқа жолдама алыпты. «Үздік әлеуметтік жоба», «Кәсібінің үздігі», «Ең тату отбасы» сынды аталымдар бойынша сайысқа түскендердің жұмысын қазылар алқасы бағалап отырды.

Фарида Оспанова, қазылар алқасының мүшесі: «Шынымды айтсам, қазіргі уақыта талас туып жатыр. Кімге қай жүлдені берерімізді білмейміз, бұл деген өте жақсы нәтиже екенін көрсетсе керек. Ал біз ең алдымен қатысушының өмірге деген қызығушылығы мен көзқарасына назар аударамыз. Оның арманы мен жоспары да үлкен маңызға ие. Мәселен, Ордабасы ауданынан келген үміткер тауық асырап, кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Ешқайсысы өмірден түңіліп отырған жоқ. Сондықтан дұрыс назар аударып, қолдау көрсетіліп жатса, кез келген қатысушыны жеңімпаз деп табуға болады.»

Байқау жеңімпаздары марапатталды
Байқау жеңімпаздарын марапаттау сәті

Сонымен, «Кәсібінің үздігі» наминациясы бойынша 1-орынды шымкенттік Роза Мұса жеңіп алды. «Үздік әлеуметтік жоба» аталымының 1-ші орнын Түркістанның тумасы Бақытжан Сортбаев еншіледі. Ал «Алтын қауырсынның» алғашқы орны Сарыағаштың жас жазушысы Мадина Ермахановаға берілді. «Үздік би» аталымында түлкібастық «Шөжелер» бірінші орыннан көрінді. «Ақылдылар» арасында шымкенттік Ділнәз Әбілда үздік болып танылды. «Үздік студенттер» арасынан бірінші орынға Кентаудың серісі Айдос Қалиев лайық деп табылды. «Үздік орындаушылардан» Бәйдібектің күміс көмейі Нұрғали Арайдан озар ешкім болмады. «Үздік жасампаз» аталымы бойынша да бәйдібектік Мәдібек Мұхтар бірінші орынды иемденді. Ал «Ең тату отбасының» бірінші жүлдесі  Жұмағұловтар жанұясына бұйырды.