ХХІ ғасыр мүмкіндігі. Арманы асқақ жастолқын. Қоғамның мұқтаж мүшелері. Аталған үш ұғым астасатын орта үшін қаламыздағы жастарды ақпараттандыру қызметі тренинг-сабақтар өткізді. Оқу-жаттығудың басты тақырыбы – жұмыссыздықты жою. Тіпті, түйіндіменің дұрыс толтыру жолы да кеңінен түсіндірілді.
№1 есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Артем болашақта шебер маман болуды армандайды. Өз таңдауын жасап та қойыпты.
Артем Котов: «Менің арманым көп. Бірақ мен болашақта шаштаразы немесе жиһаз жасаушы боламын деп ойлаймын. Себебі, осы мамандықтарға қызығып жүрмін. Қазірден бастап үйренуге кірістім. Бәрінен бұрын, егер мен осы мамандықтарды таңдасам, жұмыссыз қалмайтыныма сенімдімін. Маған енді осы мамандықтарға қажетті құрал-жабдықтарды алу қажет. Мектеп бітірген соң бірден осы жұмысты бастап, жұрт тұтынатын жақсы тауарлар жасауға тырысамын.»
Тренинг-сабақта «Жұмыс бабымен жүздесу» айдары да ұмыт қалмады. Жаттықтырушы жұмыссыздықпен күресудің құпиясын ашып бақты. Әріптестермен тіл табысу, оның ішінде маман болу үшін қажетті қабілеттерді меңгеру әдістерімен бөлісті. Айтпақшы, бүгінде осы мектепте 200-ден астам оқушы білім алып жүр. Ал бүгінгі оқу-жаттығуға қатысқандар арнайы сертификатқа ие болмақ.
Татьяна Нагаева, оқу-жаттықтырушы: «Біз жұмысқа зәру жастар үшін арнайы тренинг-жаттығулар жүргізіп жатырмыз. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жастардың да қоғамға қосары көп қой. Ал қазір мен қатысушыларға қарап, тәнті болып отырмын. Жақсы қолдау болса, кәсіптерін қазірдің өзінде бастай берулеріне болады. Әрқайсысының өз жоспары бар. Жүзеге асыру ғана қалып тұр.»
«Біз, Сіз, ол болып қоғамның қозғаушы күші ретінде әр салаға бет бұрыумыз қажет» дейді оқу-жаттығуды ұйымдастырушылар. Себебі, бүгінгі әрбір жастың қадамы елдің ертеңін елестетеді. Бұған қоса жастардың ақпараттандыру қызметі алдағы күндері оқу-жаттығуға белсене қатысқандардың жұмыс табуына қолғабыс көрсетпек.