Мақтааралда жаңа мектеп ашылды

751
Мақтаралда мектеп ашылды

 Оңтүстіктегі Мақтаарал ауданында жаңа мектеп ашылды. Сәкен Сейфуллин атындағы білім ұясының құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған еді. Нысанның жобалау-сметалық құны 453 564 мың теңгені құраған. Бүгінгі салтананатты шараға мектеп оқушылары, мұғалімдермен қатар ауылдың үлкен-кіші тұрғындары да жиналды.

Мақтаралда мектеп ашылды
Жаңа мектепте 300 оқушы білім алады

Ералиев ауылының балалары енді осы жаңа ғимаратта оқиды. Оқушылар мен мұғалімдер ондаған жылдар бойы ауыл шетіндегі ескі мектепке жаяу сарсылатын. Енді қысы-жазы қиналған кездер артта қалды. Бұл мектепте құрал-жабдықтардың барлығы — су жаңа.

Гүлнәр Сариева, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Көзімізбен көріп, сенбей отырмыз. Барлығы жаңа технологиямен жасалған дүниелер, 2 лингофон кабинетіміз де бар. Енді бізге қалғаны шәкірттерге сапалы білім беру! Оқушылармен жақсы жұмыс істеу. Бұл үшін бар жағдай жасалып отыр.»

 Ал бұл сәтте оқушылар бізді жаңа кірген мектебімен таныстыруға кірісіп кетті. Дәлізден бастап, әрбір парталарына дейін көрсетіп мақтанып жүр. Шәкірттердің шаттанғаны соншалықты, тіпті, түсіміз сияқты дейді ағынан жарылып.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=yZPB_iyPwLw[/youtube]

Баян Исақбай, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы: «Мұнда акт залы, спорт залы — бәрі бар. Бөлмелер кең, ыңғайлы, іші де керемет! Парталарымыз да ыңғайлы, сүйсініп тұрмыз. Қыстың күні анау ескі мектептегідей отырмаймыз, спорт залымыз үлкен екен. Аяғымыз да лай болмайды, жаурамаймыз, желтоқсан, қаңтар айларында сыныбымыз суық болатын. Жауынның кесірінен шатырымыз үстімізге құлап кетеді ме деп те қорқатын едік. Енді сабаққа асыға келетін болдық. Қуанышымызда шек болмай тұр.»

 Бүгінде осы мектепте 545 оқушы білім алып жүр. Оның бесеуі «Алтын белгіден» үміткер. Сондықтан соңғы үлгідегі керек-жарақпен жабдықталған білім ұясының шәкірттері биіктен көрінеді деген үміт те жоқ емес.