Миллиардтаған теңге игерілмей қалуы мүмкін

334
Тұрақты комиссияда қаржыны игеруге жол берген шенеуніктерді жауапқа тарту жөнінде ұсыныс берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында қазына қаржысы толық игерілмеу қаупі бар. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс 19-сессиясының қарсаңында өткен тұрақты комиссиялардың отырысында айтылды. Бір ғана қалада салынып жатқан іскерлік орталықтың төңірегінде бой көтеруі тиіс көпқабатты үйлердің құрылысына бөлінген 1 миллиард 300 миллион теңге қысқартылмақ.

Бір миллиард теңгеден астам қаржы «Нұрсәт» шағынауданындағы облыстық әкімшілік-іскерлік орталығына қарама-қарсы бетте салынып жатқан 15 нысанның құрылысынан қысқартылмақ. Жылдың аяқталуына екі ай қалғанда қомақты қаржының игерілмеу қаупі барын ескерген шенеуніктер оны өзге салаларға жұмсауды көздеп отыр.

Тұрғын үйлердің басым бөлігін пайдалануға беру келер жылға жоспарланған. Қаржының уақтылы игерілмеуі облыс мәслихатының тұрақты комиссияларында қызу талқыланды. Миллион емес, миллиард теңгеден астам ақшаның игерілмейтінін жылдың бітуіне екі ай қалғанда анықтап, оны қысқарту жөнінде ұсыныспен шыққан шенеуніктерге халық қалаулылары наразы болды.

Тұрақты комиссияда  қаржыны игеруге жол берген шенеуніктерді жауапқа тарту жөнінде ұсыныс берілді
Осынша қаржыны дұрыс игере алмаған шенеуніктерді жауапқа тарту жөнінде ұсыныс айтылды

Рәшкүл Оспанәлиева, облыстық мәслихат хатшысы: «Бір миллиард 300 миллион теңге қысқарту деген не ол? Неліктен алдында жобалық-сметалық құжаттарда ескерілмеген? Неге  құрылыс басқармасының өзі келмеген? Ауырып қалса, тұрақты комиссиясының отырысына бір сағатқа келіп-кетуге болады ғой?!»

Депутаттардың шамына тигені — біріншіден, жылдың басында қызылкеңірдек боп бөлдірген қаражаттың игерілмеуі. Екіншіден, құрылыстың алдында жүргізілген зерттеулер мен талдаулардың шикілігі. Алайда жауаптылар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару және осында өткен газ құбырының орнын өзгерту бойынша шешімді алдын ала жасағанбыз деп отыр.

 Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «Жер телімдері бойынша сот болып жатыр, бұл процесс бір айда бітпейді. Газ құбырын өзге жерге ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжат  жасалынды. Сондықтан құрылыс жұмыстары екі айға кешіктірілді. Құрылысты жүргізуге мердігерлер келісіп отыр, алайда, алдағы қыста ол құрылыстың сапасы қандай болмақ?»

Кемшілік жібергендер жазасын алуы тиіс деген халық қалауылары мұндай бейқамдыққа тосқауыл қою керек дейді.

Лесбек Тәшімов, облыстық мәслихаттың депутаты: «Бір миллард теңгеден астам ақша игерілмейді деген қауіп бар. Елбасы сұраса, не дейміз? Мұндай әрекетті жай қалдырмай, осындай жағдайға ұрындырған шенеуніктерді жауапқа тарту керек. Тіпті, жұмыстан шығару керек!»

Кінәлілерді жауапқа тарту мәселесі хаттамаға енгізіліп, кезекті сессияның қарауына жіберілді. Ал қысқартылған мол қаржы толығымен өңіріміздегі білім нысандарының құрылысын аяқтауға жұмсалмақ. Олар — Отырар ауданындағы 3 балабақша, Мақтааралдағы 1 мектеп, Сайрам және Сарыағаш аудандарындағы екі мектеп пен Түркістандағы Алтынсарин атындағы мектеп.