Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сайрамда қоғамдық қабылдау өткізді

311
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов Сайрам ауданында қабылдау жүргізді

Қоғамдық қабылдауға жазылған  азаматтардың басым бөлігі өзінің емес, көпшіліктің мүддесін көтеріп келіпті. «Жаңа» каналының құрылысына қатысты Қарабұлақ аулының шаруалары өз ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов Сайрам ауданында қабылдау жүргізді
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов Сайрам ауданында қабылдау жүргізді

Комилжан Салибеков,»Қарабұлақ-Агро» СТК-ның маманы: «Канал құрылысы жүргізілсе, келер жылы  егін егуін егеміз, дегенмен, судан тапшылық көреміз. Сондықтан біз жергілікті биліктен ескі каналдың жанынан уақытша канал қазып беруілеріңізді сұранамыз. Барлығының күн көрісі — осы егін алқаптары. Бұл — шаруалардың аманаты.»

Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Уақытша канал салып беруге ауданның мүмкіндігі болса, біз құптаймыз. Бірақ, облыс тарапынан қаржылай көмек болмайды. Өйткені, жаңа каналдың құрылысына облыс бюджетінен қаржы бөлінген, ол жұмыс мерзімінде орындалуы тиіс. Құрылысты келер жылдың күзіне де шегеруге болмайды.»

Қарабұлақтықтар ауызсу мәселесін де көтерді. Ауылды сапалы ауызсумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленген.

Юлдашбек Имамрасулов, «Нұр Отан» ХДП-ның Қарабұлақ ауылындағы төрағасы: «Ауылға су жүйесін тарту үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға ықпал етулеріңізді сұранамыз.»

Қарасу ауылының тұрғындары да ауызсу мәселесінде көмек сұрап келіпті. Манкент ауыл округінің тұрғындары тозығы жеткен электр жүйелерін жаңалауды сұранады. Ақсукенттіктер көшеге автобекеттер орнату және ирригациялық жүйе орнатуды да талап етіп отыр.