Елімізде ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта кешенді шаралар легі де жүйелі жүзеге асырылуда. Осы мәселе төңірегінде аз жазылып, айтылып жүрген жоқ. Алайда арамызда туа біткен дене кемістігі бар, жүйке жүйесі ауруларымен ауыратын балалар да жоқ емес. Мемлекет тарапынан оларға барлық жағдай жасалуда.
Түрлі бағдарламалар енгізіліп, қыруар қаржы бөлінуде. Дегенмен, мамандар балалардың толыққанды ортаға бейімделуіне ана махаббаты мен отбасы жылуының жетіспейтінін тілге тиек етеді. Осы орайда, ОҚО балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне атбасын бұрып, мүмкіндігі шектеулі балалардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтқан едік.
Бүгінде мекемеде 3-18 жас аралығындағы 214 бала тұрып жатыр екен. Сондай-ақ, мекеменің жанынан ашылған күндізгі бөлімде 30 бала бар. Мұндағы балалардың 49%-ның ақыл-есі кем болса, 47,7%-ның миы зақымданған. 46,7%-ы сал ауруымен ауырса, 5,1%-на қояншық, 1,4-%-на шизофрения деген диагноз қойылған.
– Жыл өткен сайын жүйке жүйесімен ауыратын кемтар балалардың саны артып келеді. Балалардың ауру болып туылуына себеп те жоқ емес. Бірінші фактор – табиғат экологиясының нашарлауы, ауа мен судың ластануы. Күнделікті қолданатын тағамның құнарсыздығы. Екіншісі – ата-ананың есірткілік заттарды қолданып, ішімдік ішіп, темекі тартуында, – дейді ОҚО балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің басшысы Камилла Ауанасова. – Біздің мекеме мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оларға 8 түрлі әлеуметтік қызмет түрлерін ұсынады. Мекемедегі 126 бала күтуші балаларға екі ауысымда күні-түні кезекшілік арқылы қызмет көрсетсе, 38 медицина қызметкері кішкентай тұрғындардың денсаулығы үшін аянбай еңбек етуде. Ал, 72 педагог маман балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасайды. Сондай-ақ, мұндағы балалардың жас ерекшеліктерін, интеллектуалды дамуы және диагноздары ескеріліп жеке түзету-дамыту бағдарламасы да құрылып, қарқынды жұмыс істеуде. Бағдарлама бойынша балалар топ-топқа бөлініп дәріс алады. Түзету-дамыту сабақтарынан кейін 52 балада оң өзгеріс байқалған. Ал, 72 бала мамандардың көмегімен әлеуметтік ортаға бейімделген.
Жалпы жағдайға қаныққан соң Кәмилла Ауанасовамен бірге балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесін аралап көрдік. Мекемеге барғанымызда сағат таңғы 9:00 болатын. Мекемеде сабақ басталып кетіпті. Мектеп жасындағы балалар сыныптарында сабақ оқып, ұстаздарының айтқанын мұқият тыңдап отыр. Біз де өз кезегімізде оларға кедергі келтіргіміз келген жоқ. Көп ұзамай Монтессори бөлмесіне кірдік. Мұндағы балақайлар қолдарынан келгенше алдына қойылған заттарды түсіне, пішініне қарай сорттап жатыр. Ал түрлі ойыншықтар мен жарыққа толы залда балалар арнайы матрацта жатып, музыка тыңдап, жүйкелерін тыныштандыруда. Уқалау бөлмесіне келген балалар күнделікті тәртіп бойынша массаж қабылдауда. Камилла Мүсірқызының айтуынша, бұл бөлмелердің бала денсаулығына пайдасы көп екен. Әлеуметтік еңбекке баулу тобындағы бүлдіршіндер гүл егіп әлекке түсуде. Ал басқа бөлмелердегі сәбилер ойынның қызығына түсіп кетіпті. Бізді көріп қасымызға жүгіріп келіп, құшақтағанда көзіме еріксіз жас келді. Қолымдағы фотоаппаратты көріп, суретке түсуге дайындалып тұрған балақайларды да байқадым. Суретке түсіргім-ақ келді, дегенмен мекеме басшысы рұқсат бермеді. Өйткені, мұндағы балақайлардың басым көпшілігінің ата-анасы бар екен. Ертеңгі күні мұңын айтып, арызданатынын тілге тиек етті. Балалардың диагнозына байланысты күн тәртібіндегі режим де әр түрлі екен. Мекемені аралап жүріп, түс болғанын да байқамай қалдық. Балалардың барлығы жапатармағай асханаға бет алды. Ал, төсек тартып орнынан тұра алмайтын балаларды осындағы мамандар қолдан тамақтандыру үшін асты бөлмелеріне апара жатқандарын көзіміз шалып, бала күтушімен бірге біз де ілестік. Мұнда мекеменің ең кішкентай тұрғындары тәп-тәтті ұйқыда жатыр екен. Күтушілері оларды шырт ұйқыдан оятып, киім-кешегін ауыстырып, жуындырып, тамақтандыруға кірісті. Түскі ас аяқталысымен мекеме тұрғындары өз бөлмелеріне тарқасып, түскі ұйқыға қамданып жатты…
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ