6 бланың анасы пәтерге қол жеткізе алар емес

Шымкентте пәтер бағасы қымбаттап жатыр. Жыл басынан қаладағы баспана құны шамамен 13 пайызға өсті. Қазір пәтердің 1 шаршы метрі шамамен 1 мың АҚШ долларына тең келіп тұр.

Гүлбану Нұржігітова отбасымен бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Үйелмелі-сүйелмелі алты баласы бар жанұя тиыннан теңге құрап, жеке баспана алуды армандайды. Алайда ай сайын құбылатын баға қалтаға бағынатын емес.

6 бланың анасы пәтерге қол жеткізе алар емес
Көпбалалы ана жарнама газеттерін жиі қарайды

Гүлбану Нұржігітова, көпбалалы ана: «Үш жыл бұрын ақша жинадық. Сөйтіп, 2011 жылы шамамен 2 бөлмелі пәтер аламыз деп топшылап қойған едік. Пәтер сатушылармен хабарласқан кезде баға шарықтап кеткенін білдік. Соның кесірінен ақшамыз жетпей қалды. Келесі жылы қайтадан жинадық. Былтыр баға тағы қымбаттап, тағы қанатымыз қайрылды.  Ал биыл жиғанымыз, тіпті, бір бөлмелі пәтерге де жетпейтін түрі бар. Енді бала-шағаны бағамыз ба, әлде, осылай жыл сайын ақша жинаймыз ба, білмеймін…»

Күміс алқа иегері тым құрыса жетінші сәбиінің жеке баспанада дүниеге келгенін қалайды. Соңғы бір айда қаладағы көпқабатты үйдегі пәтер бағасы шамамен екі пайызға өскен. Ал пәтер сатумен айналысатындар алдағы уақытта бағаның бұдан да қымбат болатынын болжап отыр.

Әлия Дінәсілова, риэлтор: «Үйдің бағасы, қанша жыл болды, өз құнынан төмендеп жатқан жоқ. Керісінше, жыл сайын қымбаттайды. Мысалы, 2010 жылы 1 бөлмелі пәтердің бағасы 17-18 мың доллар болса, қазір ондай ақшаға үй ала алмайсың. Ең арзаны 28 мың доллардан басталады. Онда да пәтердің қабатына, орналасқан жеріне байланысты.»

Ең қымбат үйлер – орталықта. Мұнда 1 бөлмелі пәтердің құны 35-40 мың АҚШ долларына бағаланса, екі бөлмелі пәтер 50 мың, 3 бөлмелі баспана 100 мың долларға дейін саудалануда. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға қымбат көрсеткіш.