Қазір Сайрам ауданының орталығындағы өртке оранған «СемьЯ» сауда орталығының жұмысына қайта жан біткендей. Өрт шалған ғимарат жөнделіп жатыр. Оған кәсіпкер өз қаржысын жұмсауда. Жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, Тәуелсіздік күні қайта пайдалануға беріледі дейді орталықтың әкімшісі.
Бүгінгі таңда еденнің астындағы жылыту жүйелері толық төселіп біткен. Кафель төселіп, терезелер қойылып жатыр. Бұған қоса арнайы қор ашылып, жомарт жандардан екі миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Бұл ақша шығынға ұшыраған елуге жуық кәсіпкерге таратылып беріледі. Оған дейін саудагерлердің әрқайсысына саудасын жалғастыру үшін тегін орын да берілген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=2hl3RQq9udM[/youtube]
Сухраб Ергешов, «СемьЯ» сауда орталығының әкімшісі: «Жанымызда «Маханбет» базар бар. Соның басшылығымен келісіп, жұмысшыларға жәрдем ретінде тегін орын берілді. Осы жөндеу жұмыстары біткенше, екі ай өте ме, үш ай өте ме — соған дейін орындар тегін берілген. Кәсіпкерлер саудасын қайта бастап жатыр.»
Айта өтейік, қыркүйек айының ортасында Сайрам ауданының орталығында орналасқан сауда орталығынан өрт шығып, үш қабатты ғимарат толық жанып кеткен болатын. Салдарынан елуге жуық кәсіпкердің дүниесі күлге айналған еді.