Шаруалар өз өнімдерін шығынсыз жинауды үйренді

287

Демалыс күндері толассыз жауған жауын-шашын күзгі жиын-терімге кері әсерін тигізбеді. Өңірдің шаруалары осылай дейді. Баяғыдай емес, қазір ауа райын диқандар ғаламтордан біліп отырады. Сондықтан шығынсыз, үсік шалмай тұрып көкөністерді жинап алыпты. Ал қазір суыққа төзімді ауыл шаруашылығы өнімдерін жинауға кіріскен.

Әділхан Сансызбаев екінші терімге кірісті. Бір гектардай жер алқабына еккен көкөнісі жақсы жетіліп, шаруа табысқа кенеліпті. Қыспаққа алған қымбатшылық үнемдеуге, сұранысқа ие дақылдарды отырғызуға үйретті дейді ол. Диқан суық түседі дегеннен қызанақ, қияр, болгар бұрышын жинап алған екен. Енді асықпай үсікке төзімді өнімдерді жинауға кіріскен.

Шаруалар   түрлі-түсті қырыққабатты жинауда
Шаруалар түрлі-түсті қырыққабатты жинауда

Әділхан Сансызбаев, шаруа: «Өткен демалыста қырау түсті, үсік болды. Алайда, мына түрлі түсті қырыққабат, қызылшаға ештеңе болмады . Біз «Қазгидромет» орталығынан ауа райының болжамын алдын ала біліп отырамыз. Алғашқы қарға дейін өнімдерімізді жинап үлгереміз деп ойлаймын.»

Шаруа жинап-тергенін қаладағы базарларға тапсырады. Жауын-шашын биыл күздік өнім еккендерге оң әсерін тигізіпті. Енді қар түскенше ылғал жерге сіңіп, күздік бидайдың жетілуіне жақсы мүмкіндік береді дейді сала маманы.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5jbtrZJxFaQ[/youtube]

Болатбай Тастанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары: «Күздік бидай еккен шаруалар жауын болмайды деп алаңдаған еді. Енді жақсы болар. Астықты 140 мың  гектарға отырғызуымыз керек еді, ал іс жүзінде 59 мың гектарға септік.»

Осылайша саланың қыр-сырына қанық шаруалар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жақсы өнім алып отыр. Әрбір дақылдың пісіп жетілу кезеңіне қарай оны егіп-баптау — оңай шаруа емес. Сондықтан Жер-ананың сыйын шығынсыз теріп алу — әрбір диқанға сын.