Шымкент вокзалындағы бір күн

Редакциямызға теміржол қызметіне көңілі көншімейтін оқырмандарымыз жиі хабарласады. Олардың айтуынша, билет тапшы, табылған күнде де бағасы өз құнынан едәуір қымбат. Ал билетке қол жеткізе алмағандар алаяқтардың арбауына түсіп, қиналып жатады. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Шымкент теміржол вокзалына ат басын бұрған едік.

Сағаты тоқтаған вокзалдың ішкі тіршілігіне ендік те кеттік
Сағаты тоқтаған вокзалдың ішкі тіршілігіне ендік те кеттік

Вокзалдың табалдырығын аттап басқанымыз сол еді, диктор 10-нан 4 минут кеткенде №33 «Алматы – Ақтөбе» пойызының бірінші жолға келіп тоқтайтынын хабарлады. Уақытты білмек болып вокзалдың алдындағы биікте тұрған сағатқа көз салғанымызда 16.15-ті көрсетіп тұр екен. Сағаты тоқтаған вокзалдың ішкі тіршілігіне ендік те кеттік.

41-019

Кассаны бетке алдық. Мұнда ұзын сонар кезек жоқ. Бірер сәттен соң үш-төрт кісінің қарасы көрінді. Жолаушы ретінде кассир қыздан Алматы бағытына жүретін пойызға билет сұрадым. Алдында тұрған компьютерге үңіліп, орынның жоқ екенін айтты. Атырау мен Астанаға да билет сұрадым. Кассир Атырауға «люкс», Астанаға «купе» орындарының ғана қалғанынан хабардар етті. Билет таппай қиналғандай кейіп танытқаным сол еді, қасыма қызыл дорбасын асынған бір келіншек жалма-жан жетіп келіп, кез-келген бағытқа «плацкарт» орындарға билет тауып берем дейді. Делдалдың «қызметі» үшін билет құнына 1000 теңге қосып берсем тірлікті тастай қылайын деп тұр. Сонда Алматыға дейінгі 2314 теңгелік плацкарт орын 3500 теңгеге, Атырауға дейінгі 5 мыңдық плацкарт орын 6000 теңгеге, Астанаға дейінгі 4500 теңгелік плацкарт орын 5500 теңге түседі. Осылайша, вокзалдың қақ ортасында жүрген алыпсатарлар билеттің «бизнесін» қыздырып жүргенін көрдім. Билет алыпсатарлардың қолына қалай түседі? Оларға билетті қымбатқа саудалауға кім рұқсат берген? Бізді қызықтырғаны осы еді. Мән-жайды вокзалдағы касса бөлімінің жетекшісі Балжан Әбдіқұловадан сұрап білдік. Маманның сөзіне сүйенсек, теміржол билеттерін сататын жекеменшік кассалар да бар. Олардың өзіндік үстеме пайызы да жоқ емес. Вокзал қызметкері жолаушыларға өз сапарларын алдын ала жоспарлап, 45 күн бұрын сатылымға шығатын билетті иеленуге кеңес береді. Сонымен қатар, уақытты үнемдеп, касса алдында кезекте тұрмай билеттерді интернет немесе өзіне-өзі қызмет көрсететін транзакциялық терминал арқылы сатып алуды ұсынады. Ол мұндай терминалдарды вокзалда да, басқа қоғамдық орындарда да кездестіруге болатынын айтады.

Редакциямызға теміржол қызметіне көңілі көншімейтін оқырмандарымыз жиі хабарласады. Олардың айтуынша, билет тапшы, табылған күнде де бағасы өз құнынан едәуір қымбат
Редакциямызға теміржол қызметіне көңілі көншімейтін оқырмандарымыз жиі хабарласады. Олардың айтуынша, билет тапшы, табылған күнде де бағасы өз құнынан едәуір қымбат

Вокзалды аралап жүріп, күту залына бас сұқтық. Орындыққа отырғанымыз сол еді, жанымызға балалы келіншек жайғасты. Әңгімеге тарттық. Өзін Айгүл деп таныстырған келіншек ашулы. Жолаушы осыдан екі-үш күн бұрын билет сатып алыпты. Алайда, кассир қыз оған қолындағы балаларының біріне билет алу керек екенін ескертпеген. Амалсыздан билеті бола тұра пойызға міне алмай қалыпты.

41-020

Касса бөлімінің жетекші маманы Балжан Әбдіқұлованың айтуынша, теміржолдағы жолаушылар тасымалының ережесі бойынша баланың ата-анасы немесе қамқоршысы оның өзімен бірге 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруіне құқылы. Ал балаға бөлек орын алу үшін билет құнының жартысын төлеуге міндетті. Жолаушының 7 жасқа дейінгі бірнеше немесе 7-15 жас аралығындағы балалары болса, жол жүру билетінің жарты бағасы төленеді. Ал 15 жасқа дейінгі бала ерткен адам кассирге және жолсерікке баланың жасын растайтын құжатты көрсетуі тиіс. Онымен қоса, баланың заңды уәкілі емес, жолаушы жол жүру құжатын рәсімдеу кезінде билет кассасына, жолсерікке баланы алып жүруге құқық беретін құжатты (сенімхат) көрсетеді.

Билет алыпсатарлардың қолына қалай түседі? Оларға билетті қымбатқа саудалауға кім рұқсат берген?
Билет алыпсатарлардың қолына қалай түседі? Оларға билетті қымбатқа саудалауға кім рұқсат берген?

Вокзалдың тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, жүрек жалғамақ үшін перрондағы дүңгіршіктерге бардық. Тағамдардың бағасы да бет қаратпайды. Базардағы бағадан едәуір қымбат. Нарқына сапасы сай болса мейлі ғой. Піскен жұмыртқа, шұжық, бәліш сияқты тез бұзылатын тағамдар мұнда ашық күйде сатылып жатыр. Сатушылар күннің ыстығында тауарларын шыбын-шіркейден де қорғауды ойламайтын секілді. «Бұған қалай жол берілуде?» деген сұрақтарды арқалап, Шымкент бөлімшелік теміржол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандарына бардық. Басқарма маманы Мукадас Юнусметованың айтуынша, еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, теміржол бекеттеріндегі сауда нысандары жылына 1-ақ рет тексеріледі екен. Серіктестікке қарасты дүңгіршек иелерінің жеке кәсіпкер куәлігінің болмауына және «Теміржол-Қызмет» ЖШС «Вокзал-Сервис» АҚ болып өзгеруіне байланысты сауда нысандарына тексеру биылдыққа әлі жүргізілмепті. Десек те былтырғы жылдың осы кезеңінде вокзал перронында орналасқан 25 сауда нысаны тексеруден өткен. Сала мамандары жоспарлы түрде 15 рет тексеру шараларын жүргізген. Одан бөлек жолаушылардың шағымдары бойынша 10 рет тексеру жұмыстары ұйымдастырылған. Санитарлық талапқа сай келмейтін 7 дүңгіршек иесіне әкімшілік шара қолданылып, ескерту жасалыпты.

41-018

Түнде сағат 22:41-де бекетке №322 «Ақтөбе – Алматы» жолаушылар пойызы келіп тоқтады. Келушілердің қарасы көп. Пойыздан түсіп, Шымқалаға қарай бет алған жолаушылардың кейбірі қолындағы сағатына қарауда. Дегенмен, сағат тілі әлі 16:15-ті көрсетіп тұр…

Түйін: 

Осылайша, бір күнімізді темір жол вокзалының тыныс-тіршілігіне арнадық. Бар олқылықты жіпке түзіп, «аузымызды құр шөппен сүртуден» аулақпыз. Вокзал қызметінің бірте-бірте жақсарып келе жатқанын да байқадық. Заманауи үлгіде салынған вокзал ғимараты көздің жауын алады. Іші мұнтаздай таза. Кіреберісте жолаушылар пойызының жүру кестесі ілінген. Жарнамалық құралдар, жолаушыларға қажетті ақпараттар көз алдыңда жаңаланып жатыр. Телемониторлардың қызметі де кәдеге асады. Диктор пойыздардың легін қазақ және орыс тілдерінде жиі-жиі хабарлап, сайрап тұр. Жолсеріктердің біркелкі киім үлгісі де жарасымды. Бұл көріністер вокзал қызметінің беті бері қарап келе жатқанын айғақтаса керек. Дегенмен, мұнда көзге ұрып тұрған олқы тұстар да жетерлік. Жолаушылар вокзалын көріп, қаласын таниды. Вокзал – қаланың қақпасы, айнасы. Сондықтан, мұндағы қызметті замана көшінен қалдырмай, жолға қойып отыру керек деген ой түйдік.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ