Жыл басынан бері Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, бұл — 171 пәтер деген сөз. Қазіргі таңда жүзеге асырылып отырған «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы 9 бағытта жүзеге асырылуда.
Аталған бағыттардың біріншісі — жергілікті атқарушы органда баспана кезегінде тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегі төрт тізім бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, бағдарлама аясында 11 Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобынан 93 азаматқа пәтер кілті табысталды.
Мемлекеттік қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын 65 азамат, жалғыз тұрғын үйі заң тәртібімен апатты деп танылған 2 бірдей азамат та қолжетімді пәтерге ие болды. Шымкент қаласы тұрғын үй секторының мәліметіне қарағанда, кезекте тіркелген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері толық үймен қамтамасыз етілген.
Осы бағдарламаның екінші бағыты жас отбасыларды Тұрғын үй, құрылыс жинақ банкі арқылы баспанамын қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес, Шымкент қаласының тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй секторымен бұқаралық ақпарат құралдарында және Шымкент қала әкімінің сайтына өткен жылдың қараша айынан бастап, үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін жас отбасылардан өтініш және құжаттарды қабылдау басталғаны туралы хабарлама берілген болатын.
Өтініш пен құжаттарды Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй секторы қабылдады. «Жас отбасы» санаты бойынша бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 512 азамат тіркелген. Жыл аяғына дейін осы тізімдегілер іріктеуден өтіп, отбасылық табысы тиісті талаптармен расталған соң баспаналарына ие болмақ.