Шымкентте «Нұр Отан» партиясының атын жамылып, жұрттың жинаған қаражатын қолды етіп жүрген алаяқ топ пайда болды. Саяси қоғамдық ұйымның атынан айласын асырып жүргендер әзірге ешкімнен айылын тартар емес. Соның салдарынан алаяқтардың құрбандары көбейіп отыр.
Жерлесіміз, 75 жастағы әжей — әлгі алаяқтардың кезекті құрбаны. Қария осы жасында арбауға түсіп, бармағын шайнап қаламын деп ойламаса керек. Кейуананың айтуынша, 25-30 жастағы екі келіншек пен бір жігіт үйіне келіп, жақсылап «түсіндірме» жұмыстарын жүргізген. Сосын соңғы тиынына дейін сыпырып кетіпті. Теңгенің құнсызданып жатқанын айтып, алған қаржысын қосымша 30 пайыздық үстемақымен қайтарамыз деген әлгі топ әжейді осылайша тақырға отырғызып кетіпті. Бас-аяғы 1 миллион 570 мың теңгені қолма-қол санап алғандар содан соң ізін жоғалтыпты. Ең сорақысы, алаяқтар әжейді бұл «НұрОтан» партиясының арнайы акциясы деп алдап соққан.
Ирина Комина, зейнеткер: «Осы уақытқа дейін тірнектеп жиған ақшам — 12 мың доллар. Теңгеге шаққанда 2 миллионға жуық ақшам бар еді. Мен бұл қаржыны 1995 жылдан бері, 18 жыл бойы жинап келе жатырмын. Қазір, міне, жылай-жылай көз жасым да таусылды.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_CSjhg7YdGw[/youtube]
Соңынан алданып қалғанын сезген кейуана бірден полицейлерің көмегіне жүгінген. Мамандар сол сәтте-ақ келіп әжейдің арызын және ізін суытқандар жайлы дәйектерді алып кеткен. Көрші дүкеннің бейнебақылау камерасына жазылып қалған жазбаны да жәбірленуші өзі апарып беріпті. Бірақ тәртіп сақшыларынан әзірше еш пайда болмай отыр. Әлі күнге әрекетке кіріспеген мамандарға кейуананың өкпесі қара қазандай. Бұл — бұл ма, учаскелік полицейлер мұндай оқиға үшінші рет орын алғанын жайып салды.
Бахадүр Мавланов, учаскелік полиция инспекторы: «Бұл әйелдің арызының алдында тағы осындай екі факті болған. Соның бірінде мынау алаяқтар Түркістан көшесінде бір әйелдің 80 мың теңгесін алып кеткен. Тура осындай әдіспен. Онда да екі қыз «Нур Отаннан» деп келіпті. Одан соң кірпіш зауытының аялдамасына апарған да әйелдің ақшасын тартып әкеткен. Ал екінші оқиға Алдияров көшесінде болды.»
Алаяқтарға алданған кейуана «НұрОтан» партиясына да барып, мән-жайды айтыпты. Мұндағы мамандар әжейге кеңесін беріп, шығарып салған. Келесі жолы жерлестеріміздің мұндай жағдайға тап болмасы үшін саясаткерлер сақ болуға шақырды.
Тұрлыбай Сейдуалиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Нұр Отан» партиясы жасырын түрде ешқандай акция ұйымдастырмайды. Тек жариялы түрде өткіземіз акцияның бәрін. Сондықтан ондай жастарға сеніп қалмауларыңызды өтінемін.»
Ал қарияны қапа қылған полиция бөліміндегілер алаяқтарды талмай-тынбай іздеп жатырмыз деуден жаңылмады. Айтуларынша, тіпті болжаулар жасап, жұмысқа кірісіп кетіпті.
Болат Елмұрзаев, Еңбекші полиция бөлімі басшысының орынбасары: «Еңбекші аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 177-бабы, 3-тармағы, «Б» бөлігімен қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі таңда осы күдіктілер іздестіріліп жатыр.»