«Отырар» кітапханасы ашылды

Оңтүстікте «Отырар» кітапханасы ашылды. Соңғы отыз жылдай жеке ғимараты болмаған облыстық кітапхана енді тұрақты ғимаратқа ауысты. Екі қабатты, зәулім ғимаратта оқырманға бар жағдай жасалған. Әзірге қоғамдық көлік қатынайтын жерден алыстау болғанымен, кітап сүйер қауымға ол кедергі емес секілді.

Мәдениет ошағының ашылу салтанаты басталмай жатып, байғазы беріле бастады. Алғашқылардың бірі болып қалаға белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбеков кітапханаға сиясы кеппеген бірнеше туынды тарту етті. Осылайша соңғы отыз жылда әр жерге бір көшіп жүрген облыстың бас кітапханасы тұрақты мекенге ие болды.

Нәсия Әлтаева, «Отырар» облыстық кітапханасының директоры: «1980 жылдан бері кітапхана бір ғимараттан екінші ғимаратқа көшіп жүрді. Менің ойымша, бүгін — тарихи күн. Облыстағы кітапханалар мен қала өміріндегі маңызды оқиға бұл.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=WSxsuhnzaUQ[/youtube]

Студент Нұрай Жақыбай облыстық кітапхананың тұрақты оқырманы. Абоненттер тізіміне қосылғанына бес жыл болған бойжеткен кітапхананың ашылу салтанатына арнайы келіпті. Жаңа ашылған мәдениет ошағы автобус аялдамасынан алыстау болса да, бұл кітапты шын сүйген оқырманға кедергі болмауы тиіс деп санайды.

Нұрай Жақыбай, оқырман: «Ақпаратты интернеттен алған жақсы, әрине. Дегенмен, кітапты қолда ұстап оқудың өзі бір ерекше серпіліс береді. Оқып отырған кітабыңды сезінесің. Жол алыс болса да кітапсүйер қауым бұл кітапхананы тауып келеді деп ойлаймын.»

Бір кездері Александриядан кейінгі әлемдегі екінші дәрежелі кітапхананың аты берілген нысан ашылу салтанатына келген мәртебелі меймандар мен облыс басшыларына да ұнады. Айта кетейік, кітапхана жобасын жасауға Асқар Мырзахметов та атсалысқан екен. Онысын айтқысы келмеген облыс әкімі бұл қаланың жаңа келбетін қалыптастырудағы бетбұрысты кезең екенін атап кетті.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Кезінде ғимарат болса, болды деп, қолдағы бар арзан заттардан салынған кездер де болды. Бірақ, қазір осының бәрін ескеріп, барынша заман талабына сай, әлеуметтік маңыздылығынан бөлек қаланың келбетіне де өзінің көркін қосатын ғимарат болу керек деп есептедік. Салынып жатқан ғимараттың барлығы осы тұрғыдан қаралып, осы тұрғыдан бекітіліп жатыр.»

Облыс қазынасының 700 миллион теңгесіне салынған ғимаратта оқырманға бар жағдай жасалған. Оқу және интернет залдары кеңейтіліп, копьютерлер саны көбейген. Электрондық ресурстар залы да бар. Ендігі жоспар — 800 мыңдай қоры бар кітапханадағы шығармаларды электрондық нұсқаға көшіру.