Күз келіп, күн біршама суығанымен өрт сөндірушілердің жұмысы азайған жоқ. Мамандарға күніне бірнеше өрт оқиғасы жайлы суыт хабар келіп түсіп жатады. Сондай оқиғаның бірі таяуда Шымкентте орын алды. Бұл жолы даланың қураған шөбі емес, шаруаның қораға жинаған пішені өртенді.

Шұғыл түсірілім
Шұғыл түсірілім

Өрт Шымкенттегі мал базары маңындағы жекеменшік фермалардың бірінен шыққан. Бұл жайындағы суыт хабар кезекші бөлімге күндізгі сағат 12-ден асқанда түседі. Дабыл бойынша оқиға орнына 3 арнайы топ пен 16 маман шұғыл аттанды. Олар ферма аумағына келіп жеткенде ауладағы екі қабатты сарай мен сонда жиналған, сығымдалған шөптің жанып жатқанын анықтайды. Шаруалардың айтуынша, жаз бойы жиналған шөптің салмағы – 70 тонна.

Қораның шатыры жанып, ортасына түскен
Қораның шатыры жанып, ортасына түскен

Қызыл алау өте үлкен аумақты шарпып алған. Өрт сөндірушілер дереу бірнеше топқа бөлініп, жан-жақтан су шашуға кіріседі. Сонымен қатар адамдар да қауіпсіз жерге шығарыла бастайды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=-HQWBGWGlSg[/youtube]

Ірі өртті сөндіру үшін құтқарушыларға 4 сағаттай уақыт қажет болды. Кешкі сағат 17-ден асқанда тілсіз жау толық құрықталды. Абырой болғанда адамдардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Дегенмен, қора мен пішен толық жанып кетті.

Тағы бір осындай жағдай Сайрам ауданында орын алды. Ақсукенттегі үйлердің бірінің ауласынан өрт шығады. Дабыл бойынша оқиға орнына 4 топ пен 18 маман жеткен. Олар келгенде ауладағы қораға жиналған сабан өртеніп жатты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=G3PggiR_iHc[/youtube]

Өрт сөндірушілер жедел қимылдап, тілсіз жаудың үйлерге ауысып кетуіне жол берген жоқ. Адамдардың да ешқайсысы жарақат алмады. Қазір осы екі өрттің неден шыққанын өрт сөндіру қызметінің анықтаушылары тексеріп жатыр.