«Никотинге — дәрумен». Шымкенттегі саябақтарда осындай ұранмен студенттер флеш-моб өткізді. Жастар көшеде шылым тартқан жандарға темекі түтінінің ағзаға тигізер зиянын түсіндіріп бақты. Алдын ала дайындаған қоқыс қорабына шылымды тастаған адамға темекінің орнына дәруменге толы жеміс-жидек үлестірді.
Нұрдәулет Нышанқұлов, студент: «Мен мына жеміске, шоколодқа толы қорапты сағат 12-00-ден бастап, кешкі сағат 19-00-ге дейін ұстап, ішіндегісін таратып жүремін. Әрқайсысымыз өз қызметімізді бөліп алғанбыз. Шымкенттіктерге біздің пайдамыз тигенін қалаймын. Сол үшін еш ерінбей, өз еркімізбен осы шараға қатысып жатырмыз.»
Биыл 3-ші рет қолға алынған «Никотине — дәрумен» акциясына 100-ге тарта студент қатысып, қоғамды зиянды әдеттерден сақтауға үгіттеп жатыр. Бірақ, шарапаты мол шара аясында студенттердің осы кеңесін құлағына ілмей, шылымын ары қарай тартып кете барған жерлестеріміз де кездескенін айта кету керек.
Бағдат Батырбаев, студент: «Қазір байқап жатырмыз, көбісі темекіні тастағысы келмейді. Дегенмен, арасында біздің айтқанымызды тыңдап, темекіні қоюға тырысып жатқандары да бар. Тіпті күні бойы шылымға жоламауға уәдесін бергендер де болды. Сенейік, күтейік, осы шараның нәтижесі болады деген ойдамын. Ал өз басым темекіні тартқан емеспін, себебі, зияны жайында көп естігенмін. Темекінің ағзаға адам айтқысыз зиян тигізетіні бар ғой. Тіпті, темекі шегудің соңы өлімге әкелетін ауруларды тудырады.»
Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша бүгінде ел аумағында 34 мыңнан астам адам белсенді шылым шегушілер қатарын толықтырады. Соңғы бір жылда статистика жасөспірімдер арасындағы темекіге құмарлардың саны 15 пайызға, әйелдер арасында 20 пайызға кемігенін көрсетіп отыр. Мамандар бұл жетістікті жаңа заңдармен байланыстырады. Ал Шымкентте бұл заң қаншалықты сақталып жүргеніне жерлестеріміз де куә болып жүр екен.
Мағжан Исахов, «Шымкент Студенттерінің Альянсы» корпоративтік қорының төрағасы: «Қазір 18 жасқа толмағандарға шылым сатылмауы жайлы шектеу қойылды ғой. Соны заң бойынша тағы да күшіне енгізу керек. Себебі, көп жерлерде, байқасақ, жас балаларға темекі сатылып жатыр.»
Жастар айтулы іс-шараны апта бойы жалғастырмақ. Себебі студенттер еліміздің болашағын бұлыңғыр емес, жарқын етіп елестетеді. Салауатты өмірді насихаттаған жастардың бастамасы нәтижесін береді деген үміт те жоқ емес.
[youtube]http://youtu.be/QObXRjPIXVI[/youtube]