Оңтүстіктің полиция қызметкерлері алаяқтық әрекетін әшкереледі. Шымкент қаласындағы Абай полиция бөліміне 52 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған. Ол бір келіншектің өзін алдап, ақшасынан айрылып қалғанына арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, Марина есімді жас әйел оған қара магия арқылы ақшасын бірнеше есеге ұлғайтып беруге уәде етіпті. Алайда, ізім-қайым жоқ болады.
Осылайша алаяқ жәбірленушіні алдап, оның 500 АҚШ доллары сомасында ақшасын, алтын бұйымдары мен төсек жаймаларын иемденіп, ізін суытқан. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі жарты миллион теңгені құрады.
Тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шаралары кезінде Алматы қаласында жасырынып жүрген күдікті қолға түсті. Ол 1984 жылы туған Өзбекстан азаматшасы болып шықты. Тергеу барысында полицейлер ұсталған алаяқтың осыған ұқсас 9 фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгені құрап отыр.
Тергеу барысында анықталғандай, жас әйел өзін балгер ретінде таныстырып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, қара магия және таро картасы арқылы табыстарын бірнеше есеге көбейтіп беруге уәде еткен. Ол үшін оған клиенттердің ақша немесе басқа да бағалы заттарына қандай да бір салт рәсім орындауы қажет болған. Одан кейін жәбірленушілер оған тапқан-таянғандарын бергеннен кейін, «балгер» әйел қылмыс орнынан жасырынып отырған.
Полицейлердің анықтағанындай, әйел өз қызметі туралы жергілікті газеттерге де хабарландырулар беріп, көрші елдер аумағына жасырынып, мекенжайын ауыстырып отырған. Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынған.