Шымкенттің студенттері қоғамдық көлікпен жүру билеттеріне зәру. Қаламызда 93 мың студент бар болса, оның 4 мыңына ғана жолақы жеңілдігі (жәрдемақы) қарастырылған. Бірақ бұл қаржының өзі аз дейді жастар. Ал мамандар өз кезегінде студенттердің қоғамдық көлікпен жүруіне жеңілдік беру үшін қосымша 620 миллион теңге қажет дейді.
Шымкентте студенттік жол жүру билеті алынып тасталғалы бері 8 жыл өтті. Сондықтан жастар өзге ересектер секілді жолкіреге 50 теңге төлеп келеді. Бұл онсыз да қалтасы жұқа студентке әжептәуір салмақ екені даусыз. Ай сайын төленетін 1300 теңге жетпей қалады дейді студенттер. Осы қаржының өзі әзірге қаладағы 93 мың ізденушінің 3759-ына ғана беріліп жүр.
Байбосын Шыназов, студент: «Көбіміз ақылы түрде оқимыз. Бізге жол ақысына бөлініп жатқан ақшаны алып жатқан жоқпыз. Қаланың шетінде пәтер жалдап тұрамыз.»
Дәл осы мәселе қаладағы студенттердің барлығын мазалайтыны даусыз. Солардың бірі — Баяқтияр Өсербаев осы проблеманы көтеріп, талай мекеменің есігін де қағыпты. Бірақ, мәселе шешімін табар емес. Осылайша жыртыққа жамау таппай жүрген қалтасы жұқа студенттердің билікке деген өкпесі қара қазандай.
Бақтияр Өсербаев, студент: «Бізге, мысалы, екі мың немесе үш мың теңгелік жол жүру билеті сатылғанын қалаймыз. Қалтамызда кейде тиын болмай қалады. Ал жол жүру билеті болса сабағымыздан да қалмай, кітапханаға да барып үлгеретін едік.»
Осы тұста жолаушыларды тасымалдаушылар да айтары бар. Олар студенттік билеттің алынып тасталуын жалған билеттердің көбейіп кетуімен байланыстырады. Ал мұның соңы үлкен шығынға әкелетін көрінеді. Дегенмен, бүгінде билік қосымша қаржы бөлсе, жолаушы тасымалдаушылар жол жүру билеттерін жасауға болатынын айтады.
Дархан Қаюпов, ОҚО «Жолаушы тасымалдаушылар» қауымдастығының төрағасы: «Жергілікті әкімшілік, атқарушы органдар бір жақтан, біз екінші жақтан болып, келісім-шартқа отырып, айырмашылығын төлейтін болса, неге шығармасқа?!»
Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры: «Шымкентте халықтың үштен бірін жастар құрайды. Сонда студенттің саны көп болғандықтан, қаржының да саны көп болып, қалалық бюджеттің шамасы оған жетпейді. Жетпейтін болғандықтан біз мәселені қалаға ұсынып, қала оны облысқа ұсынып, талқыланып жатыр. Бірақ соңы әлі жоқ.»
Осылайша шымкенттік студенттерге әлі біраз уақыт күту керек. Себебі бұл проблеманың жуырда шешімін табуы екіталай секілді.