Оқырмандардан әлеуметтік салаға қатысты келіп түскен сауалдарға ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ғабит Ақбердиев жауап береді.
Сұрақ:
– Оқуды биыл ғана бітірдім. Бір мекемеге конкурспен жұмысқа орналасқан едім. Енді бастығымыз «сен сынақ мерзімінен өте алмадың, үш ай толғанда сені жұмыстан босатам» деп отыр. Не істесем болады?
Жауап:
– Бұл жағдайда басшының әрекеті заңға қайшы болып табылады. Өйткені Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 36 бабының 5 тармағымен тиісті лауазымға конкурс бойынша жұмысқа қабылданған адамдарға, сондай-ақ оқу орындарын бітіріп, бір жылдан кешіктірмей мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға сынақ мерзімін белгілеуге тыйым салынған.
Сұрақ:
– Бала күтімі бойынша демалыстан келсем мектеп директоры «сағаттар қысқарды, енді саған сағат жоқ» деп, маған лаборант жұмысын беріп отыр. Оның айлығы да мардымсыз. Менің жұмыс орным сақталу керек емес пе?
Жауап:
–Әрине сақталу керек. Жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық уақытында, сондай-ақ бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста отырған қызметкердің жұмыс орнын сақтауға міндетті және ол лауазым не жүктеме қысқартылуға жатпайды. Ал басқа жұмысқа ауыстыру тек қызметкердің жазбаша келісімі негізінде ғана жүзеге асырылатын жағдай. Сол себепті сіз өзіңіздің демалысқа дейінгі оқу жүктемеңізді толығымен талап ете аласыз. Ол үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына, жергілікті прокуратураға не тікелей азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуге құқығыңыз бар.